Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Муто Токио Олимпиадасы тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Мутоның айтуынша қазірдің өзінде спортшылар арасында коронавирус жұқтырған 10 адам анықталған.
Жалпы инфекция жұқтырғандар саны 68-ге жеткен. Көрсеткіш нашарлай берсе, Олимпиада ойындары тоқтатылуы мүмкін.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус жаңа штамм пайда болуы мүмкін дейді. Оның пайымынша жаңа мутация "Дельта" штамынан да қауіптірек болуы ғажап емес.
"Вирустың таралуы неғұрлым кең болса, қазір көп зиянын тигізіп жатқан "дельта" нұсқасынан да қауіпті болу мүмкіндігі соғұрлым көп вирус шығуы мүмкін. Неғұрлым көп нұсқа болса, олардың біреуі вакциналарға қарсы тұра алатын жағдай болуы мүмкін және бәріміз басына ораламыз", - дейді ДДҰ басшысы Тедрос Гебрейесус.
Сол арада Қазақстанда да эпидахуал күрделі болып отыр. "Сары аймақта" - Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары ғана қалды, ал өзге өңірлер - "қызылда". Әсіресе, Маңғыстау облысында жағдай қиындай түскен. Өңірде инфекциялық төсек орын жетпей жатыр. Ақтау қаласында жансақтау бөлімдері қазірдің өзінде 90 пайыз толық.
"Маңғыстау өңіріндегі қазіргі ахуал дабыл қағатындай деңгейге жетті. Орындардың тез толып қалуынан төсек-орын қорының жетіспеушілігі байқалады. Тұрғындарға стационарлық көмектің қолжетімділігі төмендеп кетуі де ықтимал", - дейді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1923356-tokio-olimpiadasy-toqtatyluy-mumkin/