Токиода өтіп жатқан жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова еліміздің туын ұстап, Қазақстан құрамасын бастап шықты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Көптен күткен айтулы доданы "Qazaqstan", "Qazsport" және "Хабар" телеарналары тікелей эфирде көрсетті.
Айта кетейік, Олимпиада алғаш рет мемлекеттік туды екі бірдей спортшымыз алып шықты.
Қазақстан туын ұстаушылар ретінде үш Олимпиаданың қатысушысы, жеңімпазы әрі жүлдегері, жеңіл атлет Ольга Рыпакова және бокстан әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Коңқабаев таңдалған болатын.
Ольга Рыпакова үшін бұл оның мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Ол үш қарғып секіруден 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын, 2016 жылы Риода қола медальді жеңіп алған еді.
Сондай-ақ, Ольганың қоржынында Универсиада алтыны, Азия ойындарының алты алтын медалі, әлем чемпионы атағы және 2010 жылғы континентальды кубогы бар.
Ал Қамшыбек Коңқабаевқа келсек, ол бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны. 2014 жылғы әскерилер арасында өткен бокстан әлем чемпионы, 2017 және 2019 жылдары екі рет Азия чемпионатында және екі мәрте әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. Қызылорда қаласының тумасы, 29 жаста. Бұл оның алғашқы Олимпиадасы.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы Токиода спорттың 27 түрінен сынға түседі. Қазақстандықтар XXXII Жазғы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көре алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1923692-rypakova-men-qonqabaev-tokiodagy-olimpiada-oiyndarynyn-asyluynda-qazaqstan-tuyn-koterdi-foto/