
Токио Олимпиадасында еліміздің теннисшілері қандай нәтиже көрсеткенін Olympic.kz сайты назарға ұсынды.
Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Токиодағы Олимпиада ойындарын жеңіспен бастады.

Рыбакина бірінші айналымда австралиялық Саманта Стосурмен кездесіп, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Еленаның ендігі қарсыласы мысырлық Майар Әбделазиз және швециялық Ребека Петерсон жұбының жеңімпазы болмақ.
Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Токио Олимпиадасындағы жекелей сында жеңіліс тапты.

Ол ресейлік Даниил Медведевпен кездескен болатын. 1 сағат 4 минутқа созылған кездесуде Бублик 4:6, 6:7 есебімен қарсыласына жол берді.
Енді Александр Бублик Токио ойындарын жұптық сында жалғастырады.
Теннистен Қазақстан командасының мүшесі Зарина Дияс болса, Токио Олимпиадасын бірінші айналымда аяқтады.

Қазақстандық теннисші алғашқы кезеңде чехиялық Барбора Крейчиковамен кездескен болатын. Бірінші сетте Крейчикова 5:2 есебімен алда келе жатқан.
Кездесу барысында Дияс жарақатына байланысты жарысты жалғастырмайтынын айтып, матч тоқтатылды.
Еске салсақ, бұған дейін әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг Токио Олимпиадасында жеңіліп қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ, дзюдошы Елдос Сметов қарсыластарын мерзімінен бұрын жеңіп, Олимпиаданың жартылай финалына шыққаны белгілі болып отыр.
Одан бөлек, боксшы Серік Теміржанов қарсыласын екі рет нокдаунға жібергенін жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, Токиодағы Олимпиада ойындарында академиялық есуден іріктеу сыны басталып, Қазақстан командасының өкілі Владислав Яковлев іріктеудің бірінші айналымын үшінші орынмен аяқтағанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1923744-bir-zenis-bir-zenilis-zane-bas-tartu-tokio-olimpiadasynda-elimizdin-tennissileri-qandai-natize-korsetti/