Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы алғашқы медалін иеленді. Дзюдодан 60 келіде сынға түскен Елдос Сметов қола жүлдегер атанды. Бір қызығы, Елдостың белдесулерін отандық телеарналардың бірде-бірі көрсеткен жоқ деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Бұл отандық жанкүйерлердің ашуына тиді. Әсіресе, журналист Михаил Козачков бұл мәселені төтесінен қойып, Олимпиаданы дер кезінде көрсетпеген отандық телеарналарды сынға алды.
"Дзюдошы Елдос Сметов Қазақстанның Олимпиададағы бірінші медалін алды, құттықтаймыз! Ал журналист Данара Жұманова Қазақстандағы жалғыз салалық арнаның не көрсетіп жатқанын жеткізді. Мұнда әйелдер футболын көрсетуде, ал маңызды кездесулерді жанкүйерлер интернеттен іздеп әлек. Осы үшін 7 миллион доллар төледі ме, Ақтоты Рахматуллаевна", - деп жазды Козачков.
Спорт журналисі Ақырыс Сейтқазы да Олимпиада көрсетілімін дұрыс көрсете алмаған отандық телеарналарға өкпесін айтты.
"Дәл қазір Токио Олимпиадасында дзюдодан белдесулер өтіп жатыр. Бізден Елдос Сметов бар, жартылай финалда күреседі. Спорттық гимнастикадан іріктеу кезеңі өтуде, бізден Милад Карими бар. Оның да нәтижесі жаман емес. Велоспорттан жүлде жоқ, біздің шабандоздар командалық жарысқа қатысуда. Жекелей және жұптық сында теннис бәсекесі өтіп жатыр. Бір қызығы, осылардың біреуі де Қазақстан, Қазспорт, Хабардың эфирінде жоқ! Жан-жақтан іздеп, тиіп-қашып көріп отырмын. Бокстан Серік Теміржановтың жекпе-жегін ғана Хабар көрсетті. Біздің спортшыларды көрсетпейтін болса, жыр қылып несіне сатып алды трансляцияны? Өзбек арналары аман болсын! Дзюдоны толық осы жерден көріп шықтым! Хабар мен Қазақстанға сәлем айта барыңыздар!", - деп жазды журналист.
Айта кетелік, қазақстандық телеарналар Олимпиаданы көрсету құқығын ең соңғы сәтте қымбат бағаға сатып алғанын жариялаған еді. Алайда, Токиодағы Қазақстанның алғашқы медалін ешбір арна тікелей эфирде көрсеткен жоқ.
Сол арада "Қазақстан" телеарнасы ресми Instagram парақшасында бұл жайтқа қатысты жазба жария етті.
"Токио Олимпиадасын көрсету құқығы жарыс басталар уақытта алынғандықтан, спорттық шараларды тікелей эфирде көрсету барысында біршама қиындықтар туындап жатыр. Сигналды қабылдайтын техниканы тексеру және тесттен өткізуді құқықты сатып алмай тұрып жүргізу мүмкін емес. Сондықтан телеарналардың алдын ала дайындық жүргізуге мүмкіндігі болған жоқ.
Техникалық жағынан келеңсіздіктердің туындау қаупін болжай отырып, қолда бар мүмкіндікпен Олимпиаданың бүгінгі бағдарламасы эфирлік кестеге енгізілді. Алайда жанкүйерлер отандастарымыздың кейбір сайыстарын тікелей эфирде тамашалай алмады.
"Қазақстан" РТРК" АҚ мен "Хабар" агенттігі" АҚ қызметкерлері бар мүмкіндіктерді пайдаланып, олқылықтарды жөндеуге тырысып жатыр. Сигналды тесттік режимде қабылдау бір немесе екі күн уақытқа созылуы мүмкін екенін ескерте отырып, түсіністік танытуларыңызды сұраймыз.
Мәселе ерте шешімін тапқан жағдайда ресми парақшаларымыз арқылы хабардар ететін боламыз", - делінген парақшада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1923764-zeti-milliondy-ne-usin-toledi-otandyq-telearnalar-eldos-smetovtin-qola-algan-satin-korsetken-zoq/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.