Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токиодағы Олимпиада ойындарында төртінші орын алды. Спортшы Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, өзінің бүгінгі ой қорытындысы мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Өте ауыр матч. Есепте тағы да алда тұрдым, көп жағдайда ойынды сәтті аяқтау қиынға соқты. Физикалық және психологиялық тұрғыдан қиын болды, өйткені, мен жартылай финалда да дәл осылай ұтылған едім. Оның үстіне, үшінші орын үшін ойнауға да үйренбегенмін.
Жартылай финалдағы сәтсіздіктен соң көпшіліктің маған қолдау көрсеткеніне таң қалдым. Шыны керек, риза болдым. Бүгін мен қолымнан келгенше бәрін істеуге тырыстым, бірақ, сәттілік жетпей қалды. Кортқа шығар алдында аздап ауырып қалды. Мұнда барлық жерде кондиционер қосулы тұр. Десе де, бабымда екенімді сездім. Өкінішке қарай, спорттық бабыңды да, иммунитетті де үнемі бақылау оңай болмайды.
Олимпиада ойындарының басқа турнирлерден басты айырмашылығы – халықтың шексіз қолдауында. Мен жылы лебіздерге толы хаттарды көп алдым. Жалпы алғанда, бұл жақсы ойындарға толы керемет апта болды. Мен үшін үлкен тәжірибе болғаны анық.
Әрине, жанкүйерлер қатыспағандықтан, корттағы атмосфера мүлде басқа. Парижде өтетін келесі Олимпиадаға қатысамын деген ойдамын. Мүмкін, ол кезде әлемдегі пандемия жағдайы жақсаратын шығар. Сол сәттерде жанкүйерлердің қолдауын тура корттан да ести аламыз" , - деді теннисші.
Айта кетейік, Елена Рыбакина кеше Токио Олимпиадасына қола жүлдесі үшін өткен матчта жеңіліп қалды. Ол әлемнің 6-шы ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаға есе жіберді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1924936-elena-rybakina-tokio-men-usin-ulken-taziribe-endi-pariz-olimpiadasyna-qatysudy-oilaimyn/