Еркін күрестен 57 келі салмақта Токио Олимпиадасының жартылай финалына шыққан Нұрислам Санаев туралы не білеміз? Балуанның Қазақстандағы алғашқы бапкері KAZ.NUR.KAZ тілшісіне сұқбат берді.
"Нұрислам Ресейден Ақтөбеге 2014 жылы келді. Бұрынғы аты-Артас Сана. Артас - ауыр тас деген мағынаны білдіреді екен. Еркін Ізбасаров деген азамат Нұрислам деп атап кетті. Оны Қазақстанға да Еркіннің өзі әкелген еді. Еркінмен ауылдаспыз, кезінде бірге күрескенбіз. Нұрисламға Еркіннің көп көмегі тиді. Ол Қазақстанға келгеннен бастап, қасында бапкер болдым. Сол жылдары Рио Олимпиадасына қатысты. Қазір Бауыржан Нұрмаханов деген ақтөбелік ағамыз Нұрисламмен тікелей жұмыс істеп, жаттықтырып жүр. Ол кісі кезінде Қазақстанның бас бапкері болды",- деді балуанның Қазақстандағы бірінші бапкері Мұхтар Құлжанов.
Қазір бизнес саласына кеткен бапкердің айтуынша, Нұрислам бірден мұсылмандықты қабылдап, қазақстандықтармен бауырындай араласып кеткен.
"Нұрислам ақжарқын, елгезек бала. Келген бойда балалармен тез араласып кетті. Өзін қалжыңдап: "адаймын" деп айтып жүреді. Мінезі кең, кішіпейіл жігіт. Негізі тува ұлтының азаматы, тілі бізге жақын. Қазір ол қазақ тілінде таза сөйлейді. Өткен жылы карантин кезінде өзі қазақ тілінің мұғалімін жалдап, қазақ тілін меңгеріп алды. Қазақшылығы мықты бала. Қазақстанға келгенде Нұрислам 22 жаста болатын. Қазір 30 жаста, отбасылы, бала-шағасы бар. Ислам қабылдады. Балаларының атын қазақшалап қойды",- дейді Құлжанов.
Ақтөбелік спортшылар Нұрисламның әр кезесуін қалт жібермей, тілеуін тілеп отыр.
"Кездесулерін қарап отырмын. Жапон балуанынан қауіптеніп едім, оны ұтып, мерейімізді бір өсірді. Қабағы жарылып, жарақат алып қалған екен. Жартылай финалда үндіс жігіт келіп тұр. Сәттілік тілеп отырмыз. Үнділер де шабатын аттай төзімді халық. Жеңіс тілейміз",-дейді ол.
Айта кетейік, Нұрсилам Санаев ширек финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының жүлдегері жапониялық Юки Такахашимен белдесті. Белдесу 6:4 есебімен аяқталып, Нұрислам Санаев келесі айналымға жолдама алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1925510-tokio-olimpiadasynyn-zartylai-finalyna-syqqan-nurislam-sanaev-turaly-ne-bilemiz/