Ямайкалық жеңіл атлет Токио Олимпиадасының алтын медалін алуға көмектескен аруға алғысын айтты деп хабарлайды RT.
Жапония астанасы Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында 110 метрге кедергілермен жүгіруден алтын медаль алған ямайкалық жеңіл атлет Хансл Парчмент әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде.
Спортшы өзінің Twitter парақшасында Олимпиаданың алтын медалін алуға көмектескен аруға алғысын айтқан әсерлі видео жариялайды.
Белгілі болғандай ямайкалық желаяқ автобус маршруттарын шатастырып алып, жеңіл атлетика стадионының орнына су кешеніне келіп, Олимпиада ойындарын жіберіп алуға шақ қалған.
Ұйымдастырушылар спортшыға қажетті жерге жету үшін қайтадан автобусқа отыруды айтқан, алайда жеңіл атлет бұлай етсе, жарысқа кешігіп қалатынын білген.
Нәтижесінде оған Олимпиадада ерікті болып жұмыс істеген Тияна Стойкович есімді ару көмекке келген.
Бойжеткен Ханслге ақша беріп, оны таксиге отырғызып жіберген. Соның арқасында спортшы жарысқа уақытында жеткен.
Бірнеше күннен кейін Хансл еріктімен кездескен жерге медалін ұстап, қайта оралған. Спортшы оған Ямайка ұлттық құрамасының жейдесін беріп, қарызға алған соманы қайтарған және медалін ұстап көруіне рұқсат берген.
"Әрқашан бір-біріңе мейірімді болыңдар", - дейді Хансл Парчмент желідегі жазбасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1927340-yamaikalyq-zelayaq-eriktinin-arqasynda-tokio-olimpiadasynyn-altyn-medalin-ielendi/