Ақпанның төрті күні Қытай астанасы Бейжіңде әлем жұртшылығы көз тігетін қысқы Олимпиада ойындары басталады. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан құрамасы қатысатын сегізінші қысқы Олимпиада болмақ. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан спортшылары қысқы Олимпиада ойындарында қандай жетістікке жеткеніне шолу жасайды.
1994 жылы тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан тұңғыш рет Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиадада бақ сынады. Бұл додада ел құрамасы бір алтын, екі күміс медальға қол жеткізді.
Үш жүлдені де шаңғышы Владимир Смирнов қоржынға салды.
Лиллехаммерде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 12-орынға ие болды.
1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Олимпиадада көк байрақ Владимир Смирновқа сеніп тапсырылды. Шаңғышы өзіне артылған үмітті ақтап, қола медальға қол жеткізді.
Одан бөлек, күншығыс елінде конькимен жүгіруден Людмила Прокашева Қазақстан құрамасына қола медаль сыйлады.
2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Олимпиада ел қоржыны бос қайтты. Төрт жылдықтың ірі додасына аттанған 51 спортшының да жолы болмады.
Наганода қола медаль жеңіп алған Людмила Прокашева да АҚШ-та үздік ондыққа кірі алмады.
2006 жылы Италияның Турин қаласындағы Олимпиадада Қазақстанның атынан 67 спортшы бақ сынады. Алайда бірде-бірі жүлдеге ілінбеді.
2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласында жалауы желбіреген қысқы Олимпиада ойындарда биатлоншы Елена Хрусталеваның бағы жанды. Жекелей сында өнер көрсеткен отандасымыз мәреге екінші болып жетті.
2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Олимпиадада ел құрама бір медальді қанағат тұтты. Қола жүлдені Қазақстан қоржынына мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен салды.
Ал Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатикадан алтыншы орынға ие болса, шаңғышы Алексей Полтаранин үздік ондыққа кірді.
2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындарында да Қазақстан бір қола медальді қанағат тұтты. Бұл жүлдені фристайлдың могулдан өнер көрсеткен Юлия Галышева сыйлады.
Сочи олимпиадасының жүлдегері Денис Тен бұл жолы медалсыз қалды. Мәнерлеп сырғанаушы 26-орынға тұрақтады. Кейінірек спортшы сәтсіздігін аяғындағы жарақатымен байланыстыратынын жеткізді.
Ал тағы бір мәнерлеп шырғанаушымыз Элизабет Тұрсынбаева Пхенчханда он екінші орыннан көрінді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/1953138-tauelsizdik-algaly-beri-qazaqstan-sportsylary-qysqy-olimpiada-oiyndarynda-qansa-medal-zenip-algan/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.