Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстанның теннис федерациясына сілтеме жасап.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған чехиялық 16 жастағы Бренда Фрухвиртовамен кездесті. Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте чехиялық спортшы брейкпен алға шыққанымен, Елена көпке ұзатпады. Содан кейін тағы бір брейкпен сетті тәмамдады – 6:4.
Бренда Фрухвиртова екінші партияда да брейк жасағанымен Е.Рыбакина таразы басын қайта теңестіріп, өз геймін де алды – 3:2. Ақыры матчты кезекті брейкпен түйіндеді – 6:2
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Елена Рыбакина екінші айналымда Чехияның тағы бір жас жұлдызы, әлемнің 50-ракеткасы, 18 жастағы Линда Носковамен шеберлік байқасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2022704-rybakina-16-zastagy-cexiyalyq-tennissini-utyp-rolan-garros-turnirinin-ekinsi-kezenine-syqty/