Шахматтан Қазақстан құрамасы Польшадағы әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатына аттанды. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы хабарлайды.
5-12 қыркүйек аралығында Польшаның Быдгощ қаласында әйелдер арасындағы тоғызыншы командалық әлем чемпионаты өтеді.
Чемпионатқа Қазақстан атынан Бибісара Асаубаева (ФИДЕ рейтингі 2439), Меруерт Камалиденова (ФИДЕ рейтингі - 2162), Ксения Балабаева (ФИДЕ рейтингі - 2111), Алуа Нұрманова (ФИДЕ рейтингі - 2170), Әсел Серікбай (ФИДЕ рейтингі - 2120) және Әмина Қайырбековадан (ФИДЕ рейтингі - 1985) жиналған мықты құрама аттанды.
Делегацияны тәжірибелі бапкерлер – Павел Коцур мен Александр Моисеенко бастап барды.
Турнирге екі топқа бөлінген алты қатысушыдан тұратын 12 команда қатысады. Қазақстан әйелдер құрамасы А пулында өнер көрсетеді. Онда Грузия, Үндістан, Франция, Украина және Мысыр шахматшылары бар.
Айта кетелік, Қазақстан командасы көшбасшыларының бірі Жансая Әбдімәлік чемпионатқа баратын құрам қатарына ілікпеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2035577-zansaya-abdimalik-tizimde-zoq-saxmattan-alem-cempionatyna-qazaqstandy-asaubaeva-bastap-barady/