Туризм және спорт министрлігі жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялады. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды.
Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 АҚШ доллары қарастырылған.
Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5000 АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ, қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.
Азия ойындары Қытайдың Ханчжоу қаласында 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Өз тарихында 29-шы мәрте жалауын көтеретін Азия ойындарында 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Құрлық біріншілігіне 45 мемлекет қатысады деп жоспарланып отыр.
"Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталып, еліміздің әр өңірінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшыларымыз жақын күндері Қытайға аттанады",- деді Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Айта кетелік, бұған дейін Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Азия ойындарында чемпион атанған боксшыға 50 мың АҚШ долларын беретінін мәлімдеген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2036449-aziya-oiyndarynda-cempion-atangan-sportsylarga-qansa-syiaqy-beriledi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.