Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жазғы Азиада: Кептеліссіз Ханчжоу, аспанмен таласқан үйлер және жаныңды баурайтын еріктілер (фото)

Опубликовано:

Азиада қалашығындағы Қазақстан туы
Азиада қалашығындағы Қазақстан туы. Фото: Сали Сабиров/Спортты дамыту дирекциясы

Бүгін Қытайдың Ханчжоу қаласында 19-жазғы Азия ойындары ресми түрде ашылады. Қазақстан құрамасы өз тарихында сегізінші рет құрлықтың кіші Олимпиадасында бақ сынамақ. Осы орайда, дүбірлі доданы тамашалауға барған KAZ.NUR.KZ тілшісі Қытайдан арнайы репортаж ұсынады.

Қазақстан құрамасы жазғы Азия ойындарында спорттың 30 түрінен 500-ден аса спортшыны жарыс жолына қоспақ. Бүгінде атлеттердің басым бөлігі Қытайға келіп үлгерді. Алғашқы рейспен 228 спортшы Ханчжоуға келсе, түнде кезекті спортшылар тобы олимпиадалық қалашыққа орналасты.

Жазғы Азия ойындары
Жазғы Азия ойындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ақырыс Сейтқазы

Ханчжоудағы Азия ойындары 2022 жылы өтуі тиіс болатын. Алайда пандемияға байланысты биылға шегерілді. Сондықтан көптеген жарыс белгілерінен "2022" санын байқау қиын емес.

Жақында екі бірдей әлемдік жарысты өткізгеніне қарамастан, Қытай жазғы Азиадаға өте тыңғылықты дайындалған. Мұндағы спорт нысандарының басым бөлігі жаңадан салынды. Ал Азия ойындарының ашылу салтанаты лотос гүлін бейнелейтін заманауи стадионда өтеді.

Жазғы Азия ойындары
Жазғы Азия ойындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ақырыс Сейтқазы

Қытайдағы Азия ойындарына бейресми дерек бойынша 40 мың ерікті тартылған. Олардың басым бөлігі ағылшын тілінде сөйлейді. Ханчжоу жеріне табанымыз тигеннен бастап еріктілер бізді бірден баурап алды. Олардың барлығы да күлімсіреп, хал-жағдайыңды сұрап, саған көмек беруге дайын тұрады. Мәселен, волейболдан жарысқа барған журналистерді еріктілер автобусқа шығарып салды. Тоқтаусыз жауған жаңбырда тоңып қалмауы үшін көлікке мініп кеткенге дейін төбемізге қолшатыр ұстап жүрді. Мұндай көмекті керек етпесек те, қонақтарға деген ерекше ілтипаты жанымызды жылытты.

Жазғы Азия ойындары
Жазғы Азия ойындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ақырыс Сейтқазы

Спортшылар орналасқан олимпиадалық қалашыққа кіретін мүмкіндік тумады. Ал журналистерге арналған медиаорталық өте заманауи үлгіде жасалған. Мұнда жүздеген журналистің хабар таратуына мүмкіндік бар. Сондай-ақ, өте ауқымды орталық Қытайдағы озық электроникамен жабдықталған. Айтпақшы, журналистерге арналған тамақтану орнында да таңдау зор. Халал тағамдарды да мұннан еш қиындызсық табасыз.

Ханчжоуда үш күннен бері толассыз жаңбыр жауып тұр. Аспан да бұлттан арылар емес. Бір қызығы – Алматыдағыдай салқын емес, жылы жаңбыр. Сондықтан тұрғындардың басым бөлігі мұнда қолшатырмен және су өткізбейтін жұқа плащпен жүреді.

Жазғы Азия ойындары
Жазғы Азия ойындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ақырыс Сейтқазы

Айтпақшы, он екі миллионға жуық халқы бар Ханчжоуда жол кептелісі атымен жоқ. Қаланың қонақтарға арналған бөлігін де, тұрғындар тығыз орналасқан аймағын да көзбен көріп қайттық. Көлікке арналған жолдар өте үлкен, асфальттағы жол белгілері де анық жазылған. Кептелістің жоқтығын қала аумағының үлкендігімен және халықтың дұрыс орналасуынан деп түсіндік.

Мұнда да мопедтер өте көп. Бізден басты айырмашылығы – мопедтер электрлі және оларға арналған арнайы жолақ бар. Ханчжоуда көліктен гөрі, мопедке адамдар көбірек мінеді. Мопедке арналған тұрақта орын болмауы да соның белгісі.

Метродан да ығы-жығы халықты көрмейсіз. Бізге метроның арнайы есіктермен жабылып тұратынын ерекше ұнады. Бұл теміржолға абайсызда құлап кетпеу үшін жасалған.

Жазғы Азия ойындары
Жазғы Азия ойындары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ақырыс Сейтқазы

Ханчжоу – жасыл қала. Мұнда талдың түр-түрін кездестіруге болады. Жасыл-желектің бояуы да қанық, бойы да биік. Сондай-ақ мұнда аспанмен таласқан биік үйлер өте көп. Әдетте, биік ғимараттардың барлығы дерлік бизнес орталықтары емес. 25-30 қабатты тұрғын үйлер де жиі кездеседі.

Бүгін Ханчжоуда Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді. Аталған іс-шараға Қытай президенті Си Цзинпинь де келеді деп күтілуде.

Қазақстан спортшыларына сәттілік тілейміз!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2037814-zazgy-aziada-keptelissiz-xanczou-aspanmen-talasqan-uiler-zane-zanyndy-bauraityn-eriktiler-foto/

pixel