Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында қазақстандық боксшы Валентина Хальзова жеңіліс тапты. Спортшы бұл жекпе-жекте есе қайтару үшін бар күшін салғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әйелдер боксынан 75 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Валентина Хальзова әлем чемпионы, қытайлық Цян Лимен кездескен болатын.
Тартысты жекпе-жекте төрешілер қытайлық боксшыны жеңімпаз деп таныды.
"Бұл менің ең мықты қарсыластарымның бірі. Онымен Астанада өткен турнирде кездесіп, ұтылған едім. Осы жолы есе қайтарамын деген оймен шықтым. Алайда нәтижені көрдіңіздер. Есе қайтара алмадым. Үшінші раундта жеңген шығармын деп ойладым. Бірақ үшінші раундты маған бермеді", - деді Хальзова.
Айта кетелік, әйелдер боксынан Қазақстан командасы Азия ойындарында сәтсіздікке ұшырауда.
Бұған дейін Назым Қызайбай (51 келі)мен Жайна Шекербекова (54 келі) жеңіліс тапқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2038899-ese-qaitara-almadym-valentina-xalzova-aigili-qytailyq-qarsylasynan-zenilis-tapty/