Эр-Риядта өтіп жатқан Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарында Бэлла Самашева күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Отандасымыз ақтық айқаста алжирлік татами шеберіне есе жіберді.
Кумите бағдарламасында 55 кг дейінгі салмақта бақ сынайтын Самашева іріктеуде 3 жекпе-жек өткізіп, екеуінде сенімді жеңіске жетті. Сосын, Франция құрамасының спортшысымен тең түсті. Осылайша, Бэлла өз тобында 1-орын алып, жартылай финалға жолдама алған. Мұнда Ұлттық құрама спортшысы Лоуренстен (Австралия) айласын асырды.
"Осы ойындарға жыл басынан бастап дайындалдым. Алжир каратэшісімен былтырғы әлем чемпионатында жолығып, жеңілгенмін. Бүгін есе қайтарғым келді. Өкінішке қарай, ойлағанымды іске асыра алмадым. Бұл жекпе-жекте маған сенімділік жетіспеді деп ойлаймын. Енді мұнымен тоқтап қалмаймын. Келе жатқан Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткім келеді", -деді Бэлла марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
Айта кетейік, Бэлла биыл көктемде Конья қаласында өткен А сериясына кіретін турнирде жеңімпаз атанған. Сонымен қатар 2019 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында 2-орын алған.
Бүгін бақ сынаған тағы бір отандасымыз Олжас Алтынбек (60 кг) өз тобынан плей-офф кезеңіне шыға алмады.
Эр-Риядқа каратэшілерді жастар құрамасының аға бапкері Шаттық Қажымұқан бастап келді. Енді ертең қалған салмақтағы үздіктер белгілі болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2041987-otandyq-karatesi-qyz-saud-arabiyasyndagy-bedeldi-turnirde-kumis-zuldeger-atandy/