Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"775 миллион долларға жетістігіміз осы ма": депутат қаржы бөлінген спорт түрлеріне шүйлікті

Опубликовано:

Депутат Нартай Аралбайұлы
Депутат Нартай Аралбайұлы. Фото: parlam.kz

Депутат Нартай Аралбайұлы спортқа жұмсалып жатқан қыруар қаражаттың нәтиже бермей отырғанын мәлімдеп, үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Спорт – денсаулық кепілі" дейміз. Бірақ Қазақстанның спортына бөлінетін қаражат денсаулықтың емес, бәзбіреулердің шексіз баюының кепіліндей көрінеді маған. Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде кәсіби спорттағы аса жоғары жетістіктің болмағаны – мемлекеттен бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалмайтынын көрсетеді деді. Қазақстан жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу ақылға сыя ма?", - дейді Нартай Аралбайұлы.

Депутат бұл жұмсалып жатқан қаражаттың нәтижесі жоқ екеніне назар аударған.

"Мысалы 2021 жылы Токиода өткен жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма?" - дейді ол.

Оның мәліметінше, жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токио олимпиадасында 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды.

"Ал жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Ал біз 775 миллион долларды спортқа бөліп, 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11-орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған", - дейді Нартай Аралбайұлы.

Депутаттың айтуынша, елдегі спортқа жауапты министрлік 180-нен аса спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр.

"Солардың 50-ге жуығы ғана жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік не үшін ақша бөліп отыр? Салыстыру үшін айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі. Германия 18 спорт түріне, ал көрші Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджет қаржысын жұмсайды. Сонда біздікі не шашу?" - дейді Нартай Аралбайұлы.

Ол ақша бөлінетін спорт түрлеріне де шүйлікті. Оның сөзінше, ақша бөлініп отырған спорт түрлерінің ішінде балық аулау, биатл, триатл, петан, текбол, унифай, шерлидинг деген спорт түрлері де бар екен.

"Бұл атауларды бұрын естігендер өте аз шығар. Айтпақшы, Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар. Спорт на пилоне деген. Іздеп қарасаңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайтындарыңызға мен кепіл", - деген Нартай Аралбайұлы ұлттық спорт түрлерін қолдауға мән беруге шақырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2044724-775-million-dollarga-zetistigimiz-osy-ma-deputat-qarzy-bolingen-sport-turlerine-suilikti/

pixel