ҚР Туризм және спорт министрлігі жанынан Канвондода (Корея) жасөспірімдер арасында өтетін қысқы Олимпиадаға, 2024 жылғы Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша штаб ашылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚР Туризм және спорт министрлігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиадалық комитеттің және спорт федерациялары бойынша жұмысты үйлестіруді жолға қою жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында құрылған уәкілетті орган. Органның негізгі міндеттерінің бірі – алдағы халықаралық старттарға сапалы дайындықты қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.
2023 жылғы 13 желтоқсанда спорт саласындағы сарапшылардың қатысуымен министрлік ҚР Ұлттық құрама командаларын Олимпиада ойындарына дайындауды ұйымдастыру жөніндегі штаб құру туралы бұйрық шығарды.
Штаб құрамына 6 адам кірді:
Қанағатов Е.Б. – ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің спорт департаментінің директоры;
Сәпиев С.Ж. – ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеттің бас хатшысының орынбасары;
Ахметшәріп Д.С. – министрдің қоғаммен байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі кеңесшісі;
Нұрсафина А.Т. – ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің "Спортты дамыту дирекциясы", көркем гимнастика командасының басшысы
Алдоңғаров Н.Ж. – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің "Спортты дамыту дирекциясы" спорттық өрмелеу командасының басшысы
Қиятбай Б. Б. – "Конькимен жүгірушілердің ұлттық федерациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің спорттық директоры.
"Ұлттық құраманың сапалы дайындығы үшін лицензиялар мен медальдарды жеңіп алуы ықтимал үміткерлердің тізімі құрылды. Команданың кейбір көшбасшылары жеке жоспар бойынша дайындалады. Жеке жоспар әр спорт түрінің ерекшелігін, спортшының қажеттілігін, физиотерапияны, жарақаттарды оңалту мен алдын алуды, психологиялық қолдауды және спортшыларға жарысқа дайындалуда стрессті басқаруға көмектесуді қоса алғанда, медициналық-биологиялық қамтамасыз етуді ескере отырып жасалады. Айта кету керек, біздің спортшыларды даярлау күнтізбесін қалыптастыру тәсілдері мен қағидалары толығымен қайта қаралды", – деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Еске салайық, жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада 2024 жылдың 19 қаңтарынан бастап 1 ақпан аралығында Канвондода өтеді. Парижде 26 маусым мен 11 тамыз аралығында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өткізілсе, Паралимпиада ойындары 28 маусым мен 8 қыркүйек арасында өткізіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2054055-astanada-2024-zylgy-olimpiada-oiyndaryna-daiyndyq-boiynsa-stab-asyldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.