Қазақстан жастар құрамасының хоккейшісі Владимир Истомин өртке оранған пәтерден әйел мен оның балаларын құтқарып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан хоккей федерациясының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Хоккейден Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы Владимир Истомин және "Академия Михайлова" клубындағы әріптестері Егор Стругов пен Даниил Молодцов өртке оранған пәтерден әйел мен оның балаларын құтқарып қалды.
Хоккейшілер үйге қайтып бара жатқанда көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде өрт болып жатқанын байқайды. Олар балалардың көмек сұраған айқайын естіген соң құтқаруға асыққан. Стругов өртке оранған пәтерге жүгіріп кірсе, ал қалған спортшылар құтқарушыларға хабарласады.
Егор тұрғын үй кіреберісіне кіріп, өртке оранған пәтерді тауып, әйел мен балаларды эвакуациялауға көмектескен. Бұл уақытта Истомин мен Молодцов көпқабатты үйдің өзге тұрғындарын оятты. Өрт сөндірушілер келген соң хоккейшілер өртеніп жатқан үйден адамдарды эвакуациялауға көмектесті.
Айта кетейік, Владимир Истомин хоккейден Қазақстан жастар құрамасында өнер көрсетеді. Ұлттық құрамамыз Әлем чемпионатында сәтті нәтиже көрсетіп, элиталық дивизионға шыққан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2055377-balalardyn-dauysyn-estigen-qazaqstandyq-xokkeisi-aiel-men-onyn-balalaryn-ortten-alyp-syqty/