Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Канвон-2024 қысқы Олимпиадаcының медаль кестесінде Қазақстан құрамасы үздік ондықтан шығып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан ұлттық құрамасы медаль кестесінде 14-орында тұр. Ел қоржынында 1 алтын және 1 қола жүлде бар. Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Илья Мизерных алтын медаль еншілесе, шорт-тректен 1000 метр қашықтыққа жүгіруден Полина Омельчук қола медаль жеңіп алған еді.
Әзірге жасөспірімдер Олимпиадасында ең көп жүлде алған құрама — Италия. Бұл мемлекеттің қоржынында 7 алтын, 2 күміс, 2 қола бар. Екінші орынға 6 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль иеленген Германия командасы жайғасқан. Үздік үштікті қорытындылап тұрған Францияның еншісінде 5 алтын, 2 күміс, 2 қола бар. Ал Олимпиада қожайындары Оңтүстік Корея құрамасы 5-орынға табан тіреген (2 алтын, 2 күміс, 4 қола).
Айта кетейік, Канвон-2024 Олимпиадасы 19 қаңтарда басталды және 1 ақпанға дейін жалғасады. Екі апта ішінде әлемнің 78 мемлекетінен жиналған 1802 спортшы 81 медаль жиынтығын сарапқа салады. Дүбірлі додаға Қазақстаннан 41 спортшы барды. Олар 5 спорт түрінен 9 дисциплина бойынша бақ сынап жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2057087-kanvon-2024-qazaqstan-quramasy-medal-kestesinde-nesinsi-orynda-tur/