Оңтүстік Кореяда өткен жасөспірімдер арасындағы Канвон-2024 қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Қазақстан ұлттық құрамасы жасөспірімдер Олимпиадасын 1 алтын, 2 қола жүлдемен аяқтады.
Олимпиаданың екінші күнінде Қазақстан қоржынына тарихи алтын жүлде түсті. Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Илья Мизерных 214 ұпаймен топ жарып, чемпион атанды.
Кейін қазақстандық шорт-трекші Полина Омельчук 1000 метр қашықтыққа жүгіруде мәре сызығын үшінші болып кесіп, қола жүлдені қанжығалады. Оның уақыт көрсеткіші – 1:41.600.
Ал 25 қаңтарда қазақстандық хоккейшілер ел қоржынына үшінші медальді салды. Қазақстан құрамасы Олимпиаданың қола жүлдесі үшін Аустрия командасына қарсы ойнап, 6:5 есебімен ұтты.
Канвон-2024 Олимпиадасының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы медаль кестесінде 20-орынға тұрақтады.
Медаль кестесіндегі топ-10 құрама:
- Италия – 11 алтын, 3 күміс, 4 қола;
- Германия – 9 алтын, 5 күміс, 6 қола;
- Оңтүстік Корея – 7 алтын, 6 күміс, 4 қола;
- Франция – 7 алтын, 5 күміс, 6 қола;
- Қытай – 6 алтын, 9 күміс, 3 қола;
- АҚШ – 5 алтын, 11 күміс, 5 қола;
- Аустрия – 5 алтын, 6 күміс, 5 қола;
- Швеция – 4 алтын, 4 күміс, 3 қола;
- Ұлыбритания – 4 алтын, 1 күміс, 1 қола;
- Жапония – 3 алтын, 4 күміс, 8 қола.
Айта кетейік, Канвон-2024 Олимпиадаcы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтті. Оған әлемнің 78 мемлекетінен 1802 спортшы қатысты. Дүбірлі додада елімізден 41 атлет 5 спорт түрінен 9 дисциплинада бақ сынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2058693-kanvon-2024-olimpiadasy-ayaqtaldy-qazaqstan-quramasy-nesinsi-orynga-zaigasty/