Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Президенттен көмек сұраймыз": пилондағы спорт түрін стриптизге теңеген депутаттар атлеттердің шамына тиді

Опубликовано:

Әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілдері
Әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілдері. Скриншот: instagram.com/kasef_kaz

Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілдері пилондағы спортты стриптизге теңеген мәжіліс депутатының мәлімдемесіне қатысты наразылық білдіріп, президентке үндеу жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

1 ақпанда парламент мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Таңсәуле Серіков "көпшілікке беймәлім" спорт түрлеріне қолдау көрсетіліп жатқанын сынға алған еді.

"Қазақстандағы 180 спорттың ішінде биатл, триатл, пентак, текбол, унифайт, черлинг, спорттық балық аулау деген түрлер бар. Кейбірін Қазақстан біле ме екен? Сосын трубаға мініп алып, стриптиз көрсететін спорттың аты қалай еді? Пилондағы спорт деген ол да жүр ортасында", - деді депутат.

Депутаттың сынына Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілі, жаттықтырушы Анастасия Ребрикова жауап берді. Ол пилондағы спортқа қатысты айтылған әр сөзді өзін және шәкірттерін (кейбірі 16 жасқа да толмаған) қорлау деп қабылдайтынын айтты.

"Құрметті мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков. Биік трибунада отырып пилондағы спортты стриптизді насихаттау ретінде айтпас бұрын, мәселемен толығырақ танысып алуыңыз керек еді. Мен сізге түсіндіруге тырысамын. Дәл осы пилондағы спортта спортшының мінез-құлқында, киімінде "стриптиздің" қандай да бір көрінісі байқалса, өте қатаң санкциялар қарастырылған. Осы спорт түрі үшін арнайы бекітілген спортшының мінез-құлқы жөніндегі кодекс, жарыстарды ұйымдастыру ережелері, спорттық киім ережелері және осы спорттық бағытқа арналған көптеген басқа ереже бар", - делінген Анастасия Ребрикованың Instagram желісінде жарияланған жазбада.

Сонымен қатар Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілдері депутаттың бұл мәлімдемесіне қатысты президентке үндеу жасады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаттары Таңсәуле Серіков пен Дәулет Мұқаевқа қатысты тиісті шара қолдануды сұрап, бүкіл "Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясы" атынан cізге өтініш білдіреміз!

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің мәжілісінде Т. Серіков мырзаның ресми спорт түрі – пилондағы спортымызды ашықтан-ашық балағаттап, масқаралап жатқаны туралы хабар жарияланды! Сондай-ақ депутат Мұқаев Д. Instagram әлеуметтік желісінде миллиондаған аудиториясы бар аккаунтында спортымызды масқаралап, жала жапты!

Біздің федерацияның спортшыларының көпшілігі – кәмелетке толмаған балалар, олар үлкен бәсеке жағдайында халықаралық және әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпаздары! Сол арқылы сүйікті Қазақстанымызды бүкіл әлемге дәріптейміз!

Өңір басшылары осындай мәлімдемелерден кейін болуы мүмкін зардаптарға қатты алаңдап отыр! Дәлірек айтқанда, кәмелетке толмаған спортшыларымызды құрбы-құрдастары мен жұртшылық тарапынан қорлау!

Біздің спорт салыстырмалы түрде жас, бірақ қарқынды дамып келеді. Федерация басшылығы, төрешілер, жаттықтырушылар, спортшылар елімізде спорттың дамуы мен танымал болуы үшін күн сайын еңбек етуде! Сондықтан біз депутаттың федерациямыздың беделіне нұқсан келтіретін мұндай мәлімдемелеріне наразымыз!

Құрметті президент мырза, осы жағдайды қарап шығуыңызды өтінеміз, сізден қолдау, спортты және балаларымызды қорғауға үміттенеміз!" - делінген Instagram желісіндегі жарияланған мәлімдемеде.

Бұдан бөлек, федерация қызметкерлері пилондағы спорт түрін кім қаржыландыратынын айта кетті.

"Рейтинг нәтижелері бойынша "Пилондағы спорт" С тобына кіреді және басым спорт түріне жатпайды, яғни біз мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларына кірмейміз. Еліміздің басты чемпионаттарында Спорт министрлігі бізге дипломдар, кубоктар, медальдар береді, сол үшін біз алғыс айтамыз. Қалған шығындардың барлығын жаттықтырушылар, спортшылар және ата-аналар өздері төлейді", - деді Қазақстанның әуе-спорттық эквилибрі бойынша федерациясының өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2059193-prezidentten-komek-suraimyz-pilondagy-sport-turin-striptizge-tenegen-deputattar-atletterdin-samyna-tidi/

pixel