Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Головкин бұл жағынан шикі": белгілі жаттықтырушы ҰКО президенттігіне Дәулет Тұрлыхановты ұсынды

Опубликовано:

Дәулет Тұрлыханов
Дәулет Тұрлыханов. Фото: prosports.kz

Дзюдо, қазақ күресі, ауыр атлетикадан еңбек сіңірген жаттықтырушы Садық Мұстафа Ұлттық Олимпиада комитетін басқаруға мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановты лайық санайтынын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ жаттықтырушының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Садық Мұстафа Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың орнына әуесқой және кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин келеді деген әңгіме айтылғалы біраз болғанын атап өтті.

"Иә, Геннадий Головкин республика спортындағы белгілі тұлғалардың бірі. Оның рингтегі жеңістері миллиондаған жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бірақ Головкиннің Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетін басқаруға шамасы жете ме? Ол осы уақытқа дейін облыстық немесе республикалық мекеме басқарып көрген жоқ. Геннадий осыған дейін боксшы болды, жеке бизнеспен шұғылданды. Мұндай адамға тек атағына қарап Ұлттық Олимпиада комитетін қалай сеніп тапсыруға болады?!

Ұлттық Олимпиада комитетін басқару үшін спорттық атақ аздық етеді. Қазақ елінің халықаралық олимпиялық қауымдастықтағы беделін көтеріп, абыройын арттыруға республикалық және халықаралық деңгейде қызмет атқарған, әбден ысылған, ұйымдастыру қабілетімен танылған ірі тұлғаны таңдауға тиіспіз.

Шыны керек, Головкин бұл жағынан шикі. Ол мұндай биік лауазымға ұмтылмас бұрын әуелі бір облыстың немесе республикалық маңызы бар үлкен қаланың спортын басқарып, мектептер мен олимпиадалық ізбасарлар орталығының тіршілігін ішінен зерттеп, білуі керек еді. Жаттықтырушылармен, әдіскерлермен араласып, олардың жұмыстарына зер салса, артық болмас еді", - деп жазды ол.

Жаттықтырушының сөзінше, біздің жоғары лауазым иелері спорт саласына басшы тағайындар кезде үміткердің іскерлігіне, тәжірибесіне және жұрт арасындағы беделіне жете мән бермейді.

"Ықпалды топтардың сүйреуімен қалаған адамын республика спортының басшысы етіп қоя салады. Осындай жаны ашымастықтың, немқұрайдылықтың салдарынан Токио олимпиадасында 83-орынға, былтырғы Азия ойындарында 11-орынға бір-ақ құлдырадық. Мен өмірбойы спорт саласында келе жатырмын. Қазақстанда дарынды балалар өте көп. Бірақ спорттағы солақай, өрескел қате тірліктің салдарынан сол жастардың қол-аяғын өзіміз байлап отырмыз", - деді Садық Мұстафа.

Белгілі жаттықтырушы Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановты неліктен лайық санайтынын да түсіндіріп кеткен.

"Тағдырым спортқа байланған адам ретінде Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановты лайық санаймын. Дәулет Болатұлы грек-рим күресінен Совет Одағының жеті дүркін жеңімпазы, әлем, Еуропа және Азия чемпионы, екі Олимпиаданың жүлдегері.

Халықаралық Күрес ассоциациясының бюро мүшесі, Азия Күрес федерациясының президенті. Алты жылдай Қазақстан спортының басшысы болды. Ширек ғасырдай уақыт республиканың күрес федерациясының тізгінін ұстады. Халықаралық деңгейде мойындалған тұлға. Ірі державалардың спорт басшыларымен тең дәрежеде сөйлеседі. Халықаралық деңгейдегі беделінің арқасында Қазақстанда бірнеше Азия чемпионаты мен халықаралық жарыстарды ұйымдастырды. Ұзақ жыл грек-рим күресінен Қазақстан құрамасын жаттықтырып, әлем чемпиондары мен Олимпиада жеңімпазын дайындады.

1994 жылдан бастап бірнеше рет парламент депутаты болып сайланды. Қысқасы, қазір нағыз толысқан, тәжірибесі әбден жетілген, кәсіби деңгейі өскен, көзқарасы қалыптасқан шағы. Ең бастысы, халықтың қалаулы ұлы. Ел мақтанышы. Совет Одағында болған кезімізде тамаша жеңістерімен ұлтымыздың рухын көтерген азамат", - деді ол жазбасында.

Оның айтуыша, Геннадий Головкинді аталған қызмтке ұсыну - асығыс, қате шешім.

"Геннадий Головкинді ұлты басқа деп шеттетіп отырған жоқпыз. Геннадий спорт саласында бірнеше жыл қызмет атқарып, біраз ысылсын. Өзін мойындатсын. Қазақ еліне іскер азамат, білікті басшы ретінде танылсын. Содан кейін биік лауазымға барып жатса, ешкім қарсы болмайды. Ал қазіргі ұмтылысы асығыс, қате шешім", - деді жаттықтырушы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2061418-belgili-zattyqtyrusy-ulttyq-olimpiada-komitetin-basqaruga-daulet-turlyxanovty-usyndy/

pixel