Ардагер спорт журналисі Несіп Жүнісбаев Ұлттық Олимпиада комитетін Геннадий Головкиннің басқаруына қарсы екенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Несіп Жүнісбаевтың Facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ардагер журналистің жазуынша, Ұлттық Олимпиада комитетіне Геннадий Головкин басшы болып келеді екен деген алыпқашпа сөз Астанадағы "қарлы борандай ұлып" тұр.
"Бұл әңгімені кімнің таратқанын білмеймін, егер рас болса, мен оған қарсымын! Головкиннің спорттағы табыстарын бір адамдай-ақ білемін. Оның сонау 2004 жылы Афины Олимпиадасының финалында шайқасқанын түбінде отырып көргенмін, одан бөлек, Америкада небір керемет жекпе-жектер өткізгенде үш рет өз қаржыммен ұшып барып, сол жерден елге репортаж жүргізгенмін! Бұл – менің Геннадиді ғаламат спортшы деп тануымның белгісі.
Ұмытпауымыз керек: ел Ұлттық Олимпиадалық комитетіне басшы сайлау – аса жауапты мемлекеттік шаруа. Әрине, ол қоғамдық ұйым, бірақ біздің елде биліктің араласпайтын жері жоқ. Егер дәл солай боп жатпаса, Қазақстанның Ұлттық Олимпиадалық құрамасын әлемнің түкпір-түкпірінде өтетін жарыстарға бастап баратын жанды мың ойланып, бір-ақ шешу керек", – деді Жүнісбаев.
Cондай-ақ Несіп Жүнісбаев ҰОК басшылығына Головкиннің орнына Дәулет Тұрлыхановты ұсынды.
"Рас, соңғы жылдарға дейін Головкин кәсіпқой рингте жарқылдап көрінді. Біз сол жарқылға алданып отырмыз. Ал осыдан көп жылдар бұрын одан да асқан жарқылды керемет балуан Дәулет Тұрлыханов көрсетіп еді ғой! Головкин бір Олимпиаданың күміс жүлдегері болса, Дәулет екі Олимпиаданың жүлдегері, үшінші Олимпиадада төртінші орын алған саңлақ емес пе?! Бүгінгі әлемдік күрес өнерінде Дәулетті құдайдай сыйлайтын жан жетерлік. Кеше ғана Дәулет Тұрлыханов еліміздің спорт министрі болды ғой, айналайындар-ау! Бүгінде бүкіл Азия құрылығының күрес өнерін басқарып отырған аймүйізді маман, әлем күрес өнері ұйымының Алқа мүшесі, одан асқан кім бар бізде?! Ғаламат спортшылығына қоса ел көлемі мен Халықаралық кеңістікте ұжым басқарып жүре алатын жан емес пе?! Ал, Головкин бүгінге дейін бір адам да басқарып, ысылмаған, ұжымдық тәртіптің дәмін татпаған жігіт қой! Ол жанға бір елдің тұтас Ұлттық Олимпиадалық комитетін қалайша сеніп бере салуға болады, ә? Ойланайық та аз-кем. Дәулеттің жөні мүлдем басқа. Өзі парламент депутаты. Одан лайықты кім бар? Ел Ұлттық Олимпиадалық комитетін көрсеткің келсе нағыз алдында қасқайып тұрар батырымыз сол емес пе?!", – деп жазды журналист.
Несіп Жүнісбаев депутат Дәулет Тұрлыхановтан бөлек қазақстандық балуан Ислам Байрамуков пен боксшы Серік Сәпиевті ҰОК президенті болуға лайық деп санайтынын жазды.
"Мен ешкімнің ұлтына тиіскелі отырған жоқпын. Мысалы Дәулетті алмасақ, Сидней Олимпиадасында алмастай жарқыраған Ислам Байрамуковты таңдайық! Үлкен азамат, ұлтымыздың тілінде таза сөйлеп,елдегі небір маңызды істердің ортасында жүрген қайраткер жігіт! Боксшы керек болса, Лондон Олимпиадасының алтынын мойнына тағып, оған қоса Вэл Баркер Кубогын ала келген Серік Сәпиев отыр ғой сол Комитеттің жауапты жұмысында. Серік те көп сөйлемегенімен ішіне қазына жинаған алтын жігіт. Міне ұзақ жылдардан бері еліміздің спорт майданында еңбек етіп,тәжрибе жинақтап алды. Спорт министрлігінің Спорт комитетін басқарды. Біле білсек, ол да бір бөлек министрлік!
Осындай таңдаулар тұрғанда сонау Әмрикаға қоныс аударып алған, елге алыстан қол бұлғап қана жүрген Головкинді шақырғанымызға жол болсын. "Біреу біреудің малын ысқырып жүріп іздейдінің" кері келіп жүрмесін әлі. Генаның қол бастауға деген тәжірибесі де жоқ қой. Бұл шаршы алаңда екінші біреумен ғана жекпе-жек өткізетін жеке бастың шаруасы емес, ел намысы үшін, ұлттық мемлекеттің абыройы үшін небір үлкен сынақтан өтетін, тіпті әр қадамыңа есеп беріп, жақсы мен жаманды қос алақаныңа салып, салмақтап отыратын ақыл мен парасат тоғысқан,өмір көрген жанға лайық қызмет емес пе, жауапты жұмыс емес пе?! Сөз бастаудың да, қол бастаудың да қиындығын бабаларымыз жеріне жеткізіп айтып кеткен. Ал ҰОК ұжым басқаратын жанға таланттың керегі жоқ деп кім айтты?!", – деп жазды Несіп Жүнісбаев.
Спорт журналисі тағы бір жазбасында танымал қазақстандық боксшы Серік Қонақбаевты да ҰОК президенттігіне ұсынды.
"Ал, Ұлттық Олимпиадалық комитетіне нағыз Төраға керек болса, неге даңқты Серік Қонақбаевты еске алмадық?! Сонау Совет заманында-ақ бүкіл әлемнің спорт жанкүйерлерін: "Шіркін-ай, мынау кім, кімнің баласы, қай ұлттың ұланы?!" дегізген ғажап ұлдарымыздың бірі емес пе Серік?! Спорт майданында (қылышынан қан тамған Кеңес кезеңінде!) дүниені дүр сілкіндірген Серік бүгін де тірі! Ел құсап көрінген жерден сығаламай, оңды-солды ұрынбай, өз жұмысын біліп, тәуба, аман-есен жүріп жатыр. Егер ҰОК білгір басшы керек болса, Серікті неге ұсынбасқа?! Мен ұсынамын Серікті де! Өйткені бұл қоғамдық ұйымның басшысын тағайындамайды – сайлайды! Кейбір жандар Серік түгілі Дәулеттің жасы келген деп жатыр. Бұл – оңбай қателесу! Керісінше мұндай ұйымның басында толысқан, өмірден мол тәжрибе жинаған жандар болуы керек!", – деп жазды ардагер журналист.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2062009-qol-bastaityn-taziribesi-zoq-ardager-zurnalist-golovkinnin-uok-bassysy-boluyna-qarsy-ekenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.