Ақтөбе облысында үстел теннисін шебер ойнайтын Медина Амандық есімді вундеркинд спортшы тұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Qazaqstan" телеарнасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Медина Амандық 1-сыныпта оқиды. Оның үстел теннисімен айналыса бастағанына екі жылға жуық уақыт болған. Бүгінге дейін жас теннисші бірнеше жарысқа қатысып, жүлдегер атанып үлгерді. Бұл сайыстарда Мединаға өзінен әлдеқайда үлкен балалармен ойнауға тура келіпті.
"7 жасар оқушымыз осы үстел теннисімен тұрақты айналысып, шеберлігін шыңдап жатыр. Өте жоғарғы деңгейде әдіс-тәсілді меңгеріп, даму үстіндеміз. Алдағы уақытта додаларға қосқымыз келеді", – деді жаттықтырушы Мұхит Әбдіғалиев.
Мединаға қазірдің өзінде қазақстандық және шетелдік спорт сарапшылары назар аудара бастаған. Жас теннисші биыл Ресей мен Германияға барып шеберлігін шыңдайды.
Еске салайық, қаңтар айында үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко АҚШ-та өткен халықаралық турнирде алтын медаль иеленген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2063790-7-zastagy-aqtobelik-tennissi-qyz-seteldik-mamandardyn-nazaryna-ilikti-video/