Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Футболшы денесіне Қайрат Боранбаевтың бейнесімен тату салдырмақ (фото)

Опубликовано:

Яцек Гуральски
Яцек Гуральски. Фото: instagram.com/jacek_goralski_

Алматылық "Қайрат" футбол клубының бұрынғы ойыншысы Яцек Гуральски арқасына Қайрат Боранбаевтың бейнесімен тату салдырмақ. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Польша футбол ассоциациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Яцек Гуральски өзі құрмет тұтатын адамдардың бейнесін арқасына тату ретінде салдыруды жоспарлап отыр. Татудың визуализациясында 10 адам бейнеленген. Ал 11-орын әзірге бос тұр.

Яцек Гуральски
Яцек Гуральскидің арқасына салынатын татудың визуализациясы. Фото: instagram.com/laczynaspilka

"Мен осындай татуировка салдырамын деп шештім. Өйткені маған көмектескен адамдарды қатты құрметтеймін. Адам Навалка мені ұлттық құрама сапына қосты. Ал Ежи Бжечектің арқасында мен ұлттық құрамада үнемі ойнадым, шетелдік трансферден ақша таптым. Чеслав Михневичке келетін болсақ, егер менің жарақатым болмағанда, ол мені Катардағы әлем чемпионатына апарар еді. Ол маған әрқашан өте жақсы қарады, сол үшін алғыс айтқым келеді.

Мен жаттықтырушы Михаил Пробьецті қатты құрметтеймін, ол маған Экстракласаға шығуға мүмкіндік берді. Плоцкте мен жаттықтырушы Марцин Качмаркпен жұмыс істедім. Ол кісімен бірге кәсіби деңгейдегі үлкен футболға алғашқы қадамдарымды жасадым. Жаттықтырушылар Роберт Томчак пен Марцин Мачковски маған Завиши Быдгощтың жасөспірімдер командасында бапкерлік етті. Олар өте жақсы адамдар, мен оларға қарыздармын және әлі де араласып тұрамын. Виктория Короновода, үшінші дивизионда маған Збигнев Стефаняк жетекшілік етті. Мен ол кісімен жарты жылымды өткіздім, ол мені жаттығуларға апарды", – деді футболшы.

Сондай-ақ Яцек Гуральски арқасындағы татуда "Қайраттың" бұрынғы бапкері Алексей Шпилевский мен клубтың президенті Қайрат Боранбаевтың бейнесі болатынын айтты.

"Алексей Шпилевский маған "Қайратта" мүмкіндік берді. Мен оның басшылығымен Қазақстанда кубоктар жеңіп алдым және еурокубоктарда өнер көрсеттім. Тізімді мені әлі де құрметтейтін президент Қайрат Боранбаев толықтырады. Мен жарақат алған кезде де ол маған Польшаға емделуге баруға рұқсат берді, барлық шығынды төледі. Ол тамаша адам, басқаларға көмектеседі, Қазақстанда балалар орталықтарын ашқан. Осы адамдардың арқасында менің өмірім өзгергенін білемін. Ал арқамдағы соңғы орын әлі бос", – деді Яцек Гуральски.

Айта кетейік, Яцек Гуральски 2020 жылы "Қайрат" сапына қосылып, бұл командада 2022 жылға дейін ойнады. Осы аралықта 37 матчқа қатысып, соның ішінде УЕФА Конференция Лигасы аясында 4 ойын өткізді. 2020 жылы Гуральски "Қайрат" сапында Қазақстан біріншілігін жеңіп алды, бір жыл өткен соң ел Кубогының иегері атанған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2064590-futbolsy-denesine-qairat-boranbaevtyn-beinesimen-tatu-saldyrmaq-foto/

pixel