Испания прокуратурасы "Реал Мадрид" футбол клубының бас бапкері Карло Анчелоттиді 4 жыл 9 айға бас бостандығынан айыруды талап етіп отыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Relevo порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, Карло Анчелотти салық төлеуден жалтарған. 64 жастағы бапкер 2014-2015 жылдар аралығында 1 миллион еуроға жуық берешегін өтемеген. Ол тиісті декларацияларда тек "Реалдан" түсетін қаржыны көрсетіп, қосымша табысын жасырған.
Айта кетейік, Анчелотти мадридтік "Реалға" ең алғаш 2013 жылы жетекшілік етті. Кейін 2015 жылы клубтан шықты да, 2021 жылы қайта оралды. Қазір "Реал Мадрид" футболдан Испания чемпионатының турнир кестесінде 66 ұпаймен көш бастап тұр.
Еске салайық, "Реал Мадрид" футбол клубы қаңтар айында Испания Суперкубогының чемпионы атанған еді. Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта өткен финалда Карло Анчелоттидің шәкірттері "Барселонаны" 4:1 есебімен жеңген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2064854-real-madridtin-bas-bapkeri-5-zylga-zuyq-uaqytqa-turmege-otyruy-mumkin/