Футболдан Қазақстан құрамасының және түркиялық "Бешікташ" клубының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов cоққысының күшін көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бахтиер Зайнутдинов белгілі блогер Артур Асқарұлының челленджіне қатысты. Челлендждің мақсаты қақпаға доп теуіп, кімнің соққысының күші мықты екенін тексеру болды. Алайда Зайнутдиновтың бірінші соққысы мүлт кетті. Ал екіншісін компьютер есепке алмады. Тек үшінші соққысы 106.3 км/сағат жылдамдықпен қақпаға дәл тиді. Ал Артурдың көрсеткіші 97.1 км/сағат болды.
"Бахтиер барлық күшін Грекиядағы ойынға сақтап жүр. Біздің құрамаға сәттілік тілейік! Мен қолдау тобыммен 4 күннен кейін Афинаға ұшамын", – деп жазды Артур Асқарұлы Instagram желісіндегі парақшасында.
Айта кетейік, 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні футболдан Қазақстан құрамасы Афинада Грекия командасымен Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде ойнайды. Жеңген құрама Грузия-Люксембург жұбында басым түскен командамен Еуро-2024 турниріне жолдаманы сарапқа салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2068455-ulttyq-quramanyn-uzdik-surmergeni-baxtier-zainutdinovtin-soqqysynyn-kusi-qandai-video/