Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев спорттағы жемқорлық туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Серік Сәпиевтің Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қазіргі уақытта спорттағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 39 қылмыстық істі Антикор тергеп жатыр. Агенттік басшысы Асхат Жұмағалидің төрағалығымен, қоғам қайраткерлері, орталық және өңірлік мемлекеттік органдар спорт саласында жүргізілген талдау нәтижелерін талқыладық.
Жиында мен легионерлер саны, спорт түрлері бойынша қаражатты тиімсіз бөлу, жергілікті атқарушы органдардың елдегі спортты дамытудағы жауапкершілігі туралы мәселені көтердім. Сондай-ақ Антикор қоғамдық кеңесі шеңберінде спорт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айттым.
Спорт ашық болуға тиіс және бөлінетін қаражат ұлт денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты және жоғары жетістіктер спортын дамытуға жұмсалуы керек", – деп жазды Серік Сәпиев.
Еске салайық, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин спорттағы жемқорлыққа қатысты ұстанымын айтқан еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2079317-39-qylmystyq-is-tergeude-serik-sapiev-cporttagy-zemqorlyq-turaly-malimdeme-zasady/