Қабирханның иесі Тілек Мұханбетқалиев Қабирханның Дубайда өткен әлем кубогындағы нәтижесі туралы пікірін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық спорт қауымдастығының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қабирхан 30 наурызда Dubai World Cup 2024 жарысында бақ сынады. Қазақстандық сәйгүлік ирландиялық жокей Патрик Доббспен бірге жарыс жолына шығып, мәре сызығын сегізінші болып кесті.
Жарыс барысында Қабирханға басқа тұлпарлар кедергі келтіргендей көрінді. Қабирханның иесі Тілек Мұханбетқалиев бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Оны көрдім. Ол жағдай қатты әсер еткен жоқ. Аттың терминімен айтқанда басқа сәйгүліктер кроссинг жасады ғой", – деді Қабирханның иесі.
Сондай-ақ Мұханбетқалиев тұлпарының неге топ жара алмағанын айтты.
"Ат дайын болған жоқ. Өткен Al Maktoum Challenge турниріне қарағанда дайындығы төмен болды. Ақтық мәреге жақындағанда демі жетпей қалды. Ат бабында. Ол былтырғы маусымнан бастап бәйгеге қатысты, 11 ай жарыста болды", – деді Мұханбетқалиев.
Тілек Мұханбетқалиев келесі жылы Қабирхан қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі жокей Бауыржан Мырзабаевпен бірге жарысқа қатысуы мүмкін екенін атап өтті. Еске салайық, Бауыржан Мырзабаев Дубайдағы әлем кубогінде Dura Erede атты тұлпарды тізгіндеп, мәреге бесінші болып келген еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2081516-qabirxanga-alem-kubogy-kezinde-qastandyq-zasaldy-ma-saiguliktin-iesi-zauap-berdi/