Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бишімбаевтың ісі түрткі болды": кикбоксингтен әлем чемпионы ақтөбелік қыздарға тегін үйірме ашты

Опубликовано:

Айболат Мұратұлы
Айболат Мұратұлы. Фото: tiktok/diapazon_news

Ақтөбе қаласының тұрғыны Айболат Мұратұлы қыздарға арнап тегін спорт үйірмесін ашты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Айболат Мұратұлы – кикбоксингтан әлем кубогының чемпионы, аралас жекпе-жектен жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы және халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы Unifight спортының аға бапкері.

"Өзім Ақтөбе қаласының тумасымын. Бұрын ішкі істер департаментінде жұмыс істегенмін. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты ол жұмыстан өз еркіммен шығып кеттім. Соңғы екі жыл аралас жекпе-жектен бапкермін. Ал қазіргі таңда Ақтөбе облысы Unifight спортының аға бапкері қызметіндемін. Спортта жүргеніме 25 жыл болды. Кикбоксингтен әлем чемпионатының күміс жүлдегерімін", – деді Айболат Мұратұлы.

– Үйірме жайлы айтып беріңізші. Қазір қанша шәкіртіңіз бар?

– Ақтөбе қаласы Асылхан Бұсұрманов атындағы кәсіби спорт клубында бапкермін. Осы жерде аралас жекпе-жектен жалпы есепте 150 шәкірт тәрбиелеп отырмын. Оның ішінде 10 қыз бар. Бұл жекеменшік үйірме болғандықтан қатысу ақылы түрде болады. Алайда қыздарға ғана тегін жаттығу өткіземіз.

– Қыздарға арнап тегін үйірме ашуға не түрткі болды?

– Қоғамда болып жатқан жайттарды естіп бейжай отыра алмадық. Оның ішінде Бишимбаевтың ісі де түрткі болды. Қыздарға қандай да болсын пайдамыз тисе екен деген ниетпен тегін үйірме аштық. Қазақ қыздарына деген әділетсіздікке, күш көрсетуге және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз. Сол себепті Ақтөбе қаласы Unifight спортының президенті Думан Урекешовтің қолдауымен осындай шешім қабылдадық.

– Бұл үйірменің мақсаты қандай?

– Әрине, қыздар қауымына күш көрсетілмесе екен дейміз. Алайда ондай жағдай болып қалса, қорғана білетін деңгейді үйреткіміз келеді. Қысым жасалған кезде өзін қорғау, ситуациядан шығып кету мен дұрыс әрекет ете білуді көрсетеміз.

Айта кетейік, 11 сәуірде сенатта әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық туралы кей заңнамаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мақұлданған еді. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені, ұрып-соққаны және суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2083127-bisimbaevtyn-isi-turtki-boldy-kikboksingten-alem-cempiony-aqtobelik-qyzdarga-tegin-uiirme-asty/

pixel