Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қызығушылығым көшедегі тирден басталды": Олимпиада жолдамасын иеленген мерген жайлы не білеміз

Опубликовано:

Ислам Сәтбаев
Ислам Сәтбаев. Фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасы сапынан Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын Ислам Сәтбаев жеңіп алды. Ол Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем чемпионатында пневматикалық винтовкамен (10 метр) нысана көздеуден төртінші орын алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әлем чемпионатының финалында Сәтбаев 632,7 ұпай жинап, аталған бағдарлама бойынша еліміздің ең үздік нәтижесін тіркеді. Қазіргі таңда ол өзінің тұңғыш Олимпиадасына қатысуға дайындалуда.

"Шамасы, мен не болғанын соңына дейін түсінбеген сияқтымын. Мүмкін, біраз уақыт өткен соң сезініп, бақытым еселенетін шығар. Иә, бұл турнирден медаль ала алмадым. Алайда, барлық қателікті түзеп, өзге жарыстарда тұғырға көтерілуге  тырысамын", – деді финалдан соң сөз алған Ислам. 

Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше, Исламның  спорттағы жолы мектеп қабырғасында басталды. Болашақ олимпиадашы жетінші сыныптан бастап спортқа ден қойған. Спортшының айтуынша, "Отан" деп аталатын тирға досы ертіп келіпті. Тап сол сәт оның өміріндегі маңызды эпизод болса керек. Исламның мергендік өнерге қызығушылығы күн сайын артып, нәтижесінде ол әлемдік деңгейдегі спортшыға айналды. Бір қызығы, нысана көздеуге бет бұрмас бұрын Ислам Сәтбаев үш жыл бойы каратэмен шұғылданған.

Алғашқы бес жылда ол ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың қол астында жаттықты. Кейін еліміздің тағы бір мықты маманы Геннадий Насонов Исламның бапкері болды. Бүгінде спортшы аталған бапкермен тығыз жұмыс істеуде.

"Олимпиадаға алғаш рет қатысқалы отырмын. Өте қуаныштымын. Бүгінде жазғы ойындарға жақсы дайындықпен бару үшін қолдан келгеннің  бәрін істеп жатырмыз. 2012 жылы нысана көздеуге бет бұрдым. Бұл спортқа сыныптасым алып келді. Алда Олимпиада ойындары күтіп тұр. Елімізді осындай ірі жарыста танытатыныма қуаныштымын", – деді Ислам. 

Айта кетелік, жазғы Олимпиада ойындарында нысана көздейтін мергендер бәсекесі 24 шілдеде басталады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2090171-bul-sportqa-qyzygusylygym-kosedegi-tirden-bastaldy-olimpiada-zoldamasyn-ielengen-mergen-zaily-ne-bilemiz/

pixel