Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Пәтер жалдап жүрді": ақтөбелік басшылар Батырмұрзаевқа неліктен үй алып бергенін айтты

Жарияланған күні:

Юсуф Батырмұрзаев
Юсуф Батырмұрзаев. Фото: instagram/kazwrestling_official

Кеше, 23 сәуірде еркін күрестен Париж Олимпиадасына жолдама алған Юсуф Батырмұрзаевқа Ақтөбе облысының күрес федерациясының басшылары мен кәсіпкерлері құрмет көрсетті. Олар балуанға көлік мінгізіп, ақшалай сыйақы беріп, кейін екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Осы орайда, Ақтөбе облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Данияр Ғалиханов мұндай қадамға не үшін барғандарын түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ sport-bugin сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Олимпиадаға жолдама алғаны үшін мұндай құрмет көрсетілгені екіұдай пікір туғызған еді. Облыстық федерацияның вице-президенті Данияр Ғалихановтың айтуынша, балуан қандай құрметке де лайық.

"Олимпиадаға дейін қошеметті үйіп-төкті деп сынағандарға айтарым бар. Біріншіден, Юсуф Батырмұрзаев бүгінге дейін пәтер жалдап тұрған. Ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшымыздың бір үйі болса, айып емес. Екіншіден, мұндай сыйақы кез келген спортшыға үлкен мотивация  болады. Үшіншіден, біз тек қана жолдама алған балуан емес, кадеттер, жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы ел чемпионатында жүлдеге іліккен спортшылардың барлығына сый жасадық.

Жалпы есебі 33 бас жылқы тарту еттік.  Спортшыларға қандай құрмет те жарасады. Елдің намысын әлемдік аренадаға қорғау үшін айлап, жылдап үйдің бетін көрмейді. Бар ғұмырын спортқа арнайды. Сондықтан, оларға материалдық тұрғыдан қолдау көрсетудің айыбы жоқ", – дейді Ғалиханов.

Айта кетелік, Юсуф Батырмұрзаев Париж Олимпиадасына жолдама алған Ақтөбе облысының жалғыз өкілі. Ол Бішкекте (Қырғызстан) өткен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінде топ жарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2090444-pater-zhaldap-zhurdi-aqtobelik-basshylar-batyrmurzaevqa-nelikten-ui-alyp-bergenin-aitty/