Биыл Париж Олимпиадасында брейкинг бойынша алғаш рет медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Брейкинг немесе брейк-данс – көше биі, хип-хоп мәдениетінің бір түрі. Халықаралық Олимпиада комитетінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, брейкинг 1970 жылдары АҚШ-та пайда болған. Ол акробатикалық қозғалыстармен және аяқ қимылымен орындалады.
Брейкинг 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиаданың бағдарламасында болды. Кейін 2024 жылғы Париж Олимпиадасының бағдарламасына жаңа спорт түрі ретінде енгізілді.
Париж Олимпиадасында спортшылар (16 ер, 16 әйел) алғаш рет брейкинг сайысы бойынша медальдарды сарапқа салады. Олар "windmill" ("жел диірмендері"), "6 қадам" ("6 қадам" – аяқ жұмысының негізгі тізбегі) және "freezes" ("қатып қалу") элементтерінің комбинациясын пайдаланады. Спортшылар төрешілердің ұпайын алып, жеңу үшін диджейдің әуендеріне импровизация жасау арқылы билейді.
Брейкингтен Олимпиадаға іріктеу турнирлері Шанхайда (16-19 мамыр) және Будапештте (20-23 маусым) өтеді. Бұл жарыстарға қатысуға дүниежүзі бойынша 40-қа жуық спортшы мүмкіндік алып отыр. Солардың ішінде қазақстандық брейк-дансер Әмір Зәкіров те бар. Ол былтыр Жапонияның Китакюсю қаласында өткен халықаралық рейтингтік турнирде 1-орын алған еді. Бұл жарысқа 48 елден 180 спортшы қатысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2092811-breik-dans-olimpiada-bagdarlamasyndagy-zhanga-sport-turi-turaly-ne-bilemiz/