Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық шабандоздарды ирландиялық бапкер оқытып жатыр

Опубликовано:

Диклан Гиллеспи
Диклан Гиллеспи. Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Qazaq Jockey Club Алматы ипподромында жокейлерге арнап семинар өткізуде. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

28 сәуір мен 4 мамыр аралығында бір апта бойы өтетін семинарға еліміздің әр өңірінен келген 40 адам қатысып жатыр. Олардың басым бөлігі – жокейлер, бапкерлер мен атбегілер. Осы маусымда алғаш рет ұйымдастырылған семинардың тренері – ирландиялық чемпион-жокей Диклан Гиллеспи (Declan Gillespie).

Диклан Гиллеспи – әйгілі ирландиялық жокей. 1980 жылдардан бастап ол Ирландияда, Францияда, Дубайда, Сингапурде және басқа да елдердегі 1000-нан астам жарыста жеңіске жетті. Жокей ретінде мансабын аяқтағаннан кейін атбегілікпен айналысып келеді. Ол жаттықтырушы ретінде де жемісті еңбек етіп жүр.

Бұл – ирландиялық тренердің Қазақстанға алғашқы сапары. Ол бұған дейін Сауд Арабиясы, Қатар, Сингапур, Корея сияқты әлемнің бірнеше елінде жұмыс істеп, арнайы семинар-тренингтер өткізген. Қазіргі таңда Малайзияда тренер болып жұмыс істейді.

"Жокейлікпен 16 жасымнан бастап айналысамын. Бірақ атпен бала күнімнен шабамын. Өзім фермада туып-өстім. 1 мамырда Алматыда басталатын ат шабысты міндетті түрде тамашалаймын", – дейді Диклан Гиллеспи.

Ол Дубайда өткен беделді бәйгеде қазақстандық тұлпар Кабирханның шабысын бақылағанын айтты.

"Кабирхан – керемет тұлпар. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Дегенмен, Қазақстан үшін бұл – үлкен қадам. Сондықтан осы бағытты дамыта беру қажет. Кабирхан арқылы Қазақстанға есік ашылды деуге болады. Ал жерлестеріңіз Бауыржан Мырзабаев – әлемдік аренадағы өте мықты шабандоздардың бірі. Ол тек Еуропада ғана емес, Жапонияда да өнер көрсетіп жүр. Ал Жапониядағы ат шабыстарға тек үздік жокейлер шақырылады, ол жақта өнер көрсету өте қиын", – деді ирландиялық жокей.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Qazaq Jockey Club 2024 жылғы 1 мамырда Алматы қаласындағы ипподромда биылғы жылдың алғашқы ат шабысын өткізеді.

Алматыдағы семинар
Алматыдағы семинар сәті. Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2093894-qazaqstandyq-shabandozdardy-irlandiialyq-bapker-oqytyp-zhatyr/

pixel