Астана тұрғыны Айару Алтынбек классикалық шахматтан Перу астанасы Лимада өткен оқушылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Елордадағы №9 "Зерде" мамандандырылған лицейінің 6-cынып оқушысы Айару жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын жеңіске жетті.
“Ең жоғары рейтингтік ұпайы (1868) бар шахматшы соңғы турды сәтті аяқтап, 9 партиядан 8,5 ұпай жинады. Сөйтіп, күміс жүлдегерден 1,5 ұпайға ұзап кетті. Айару қазіргі кезде гроссмейстер Антон Филипповпен бірге жаттығады”, - деді Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі.
Оқушылар арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты швейцариялық жүйе бойынша 7-ден 17 жасқа дейінгілер арасында (Open) және қыздар (Girls) арасында бөлек өткізілді. Жарысқа Перу, Қазақстан, Эквадор, Боливия, Мексика, Колумбия және Моңғолияны қосқанда 26 елден 1174 жас шахматшы қатысты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2100218-astanalyq-oqushy-klassikalyq-shahmattan-alem-chempiony-atandy/