Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сені жұбатуға емес, тұғырдан көруге келдім": қазақстандық спортшы анасы қалай жігерлендіргенін айтты

Жарияланған күні:

Аида Бауыржанова
Аида Бауыржанова. Фото: olympic.kz

Спорттық гимнастикадан Ташкентте (Өзбекстан) өткен Азия біріншілігінде тарихи қола жүлде еншілеген қазақстандық спортшы Аида Бауыржанова анасының қалай жігерлендіргенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитететінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аида Бауыржанова Азия чемпионатында жекелей көпсайыстан төртінші орын алып, Олимпиада лицензиясына қол жеткізе алмады. Бірақ еркін жаттығуда қола медаль иеленді.

"Бұл Азия чемпионатында қаншама эмоция төгілді. Бірақ тек жақсы нәрселерді айтқым келеді. Мен өз мақсатыма жету үшін ұзақ жолды артқа тастадым, тіпті, тым жақын болдым.

Ташкенттегі жарысты көруге менің анам да келді. Іріктеуден соң ол маған: "Мен сені жұбату үшін келгенім жоқ. Мен сені тұғырдан көргім келеді" деді. Осыдан соң мен дереу финалға бар күшімді салып, қалайда медаль алу үшін аянып қалмадым. Ең соңына дейін күрестім", - деді Бауыржанова. 

Айта кетейік, Аида жеңіп алған қола медаль Қазақстан үшін тарихи жүлде саналады.

"Білуімше, 1996 жылы Азия ойындарында командалық сыннан медаль болған. Ал Азия біріншілігінен медаль жоқ. Сондықтан, бұл мен үшін де, барлық әйелдер құрамасы үшін бірінші медаль және тарихи жүлдеге қол жеткізгенім үшін өте қуаныштымын. Бұл марапат маған жұбаныш болды. Көбіне төртінші орында қалатынмын. Квота сарапқа салынған көпсайыста да төртінші орынды қанағат тұттым. Сол себепті, бұл медаль үшін өте қуаныштымын. Қола болса да, алтынға тең", - деді спортшы.

Еске салайық, қазақстандық гимнастар Болгариядағы халықаралық турнирде екі алтын медаль жеңіп алғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2108898-seni-zhubatuga-emes-tugyrdan-koruge-keldim-qazaqstandyq-sportshy-anasynyng-qalai-zhigerlendirgenin-aitty/