Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин Халықаралық Олимпиада Комитеті Olympism 365 комиссиясының мүшесі болып тағайындалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Сізді комиссия мүшесі етіп тағайындау мен үшін үлкен мәртебе. Комиссия жұмысына қосатын үлкен үлесіңіз үшін сізге алдын ала алғыс білдіремін", - делінген ХОК президенті Томас Бахтың Қазақстан ҰОК-ке жолдаған ресми хатында.
ХОК комиссияларын Томас Бах құрады. Комиссиялар – ХОК-тың қызметін үйлестіріп, стратегияларын жасақтап, сондай-ақ, шешім қабылдау үшін ұйымның атқару комитеті мен жұмыс сессияларына ұсыныстар енгізетін ХОК-тың жұмыс органдары.
Olympism 365 комиссиясы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі маңызды фактор ретінде спорттың рөлін күшейту үшін жұмыс істейді. Комиссияның стратегиясы Олимпиадалық қозғалыстың ішіндегі және одан тыс көптеген серіктестермен әріптестік орнату жолымен жүзеге асады. Жобаның басым бағыттары халықтың денсаулығы мен дене шынықтыру белсенділігін жақсарту, әділеттілік, қауіпсіздік және инклюзивтілік қағидаттарын нығайту, бейбітшілікті сақтау және білім беру арқылы спорттың әлеуметтік мәні мен олимпиада принциптерін көрсетеді.
Комиссия құрамында ХОК мүшелері, Олимпиадалық қозғалыстағы танымал функционерлері, сондай-ақ, Иорданияның тақ мұрагері, ханзада Фейзал Әл Хуссейн, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының президенті Себастьян Коэ, Катар ҰОК президенті, шейх Джоан бин Хамад бин Халифа Әл Тани, сондай-ақ, белсенді спорт қайраткерлері мен танымал олимпиадашылар бар.
Еске салайық, Геннадий Головкин ақпанда Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2109651-gennadii-golovkin-halyqaralyq-olimpiada-komiteti-komissiiasynyng-mushesi-bolyp-tagaiyndaldy/