Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Роналду шалқып күлсең": белгілі ақын футбол жаңалықтарын әнмен жеткізіп жүр

Опубликовано:

Бек Шымат
Бек Шымат. Фото: tiktok.com/@bekshmat

Ақын Бек Шымат қазақша әндердің мәтінін өзгертіп, әйгілі футболшыларға арнап шырқап жүр. Басты мақсаты қазақтың әні мен футбол әлемін біріктіріп, спорт жанкүйерлеріне ерекше контент ұсыну, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бек Шыматтың германиялық футболшы Марко Ройсқа арнауы TikTok желісінде 200 мыңнан аса қаралым жинаған. Ол сонымен бірге Килиан Мбаппе, Тони Кроос, Криштиану Роналду, Неймар, Лионель Месси және тағы да басқа футболшыларды жырға қосқан.

Мәселен, танымал әнші Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы "Анашым" әнін португалиялық футболшы Криштиану Роналдуға лайықтап былай өзгерткен:

Шет жүрсең сағынамын, көрмесем жабығамын,

Тағы он жыл ойнап берші жалынамын.

Роналду шалқып күлсең, футболда ұзақ жүрсең,

Голдарға бір тоймайды, айлығың ортаймайды

Ақшасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.

KAZ.NUR.KZ тілшісі футбол жайлы қазақ тіліндегі ерекше контенттің иесі Бек Шыматпен сұқбаттасып көрді.

– Футболшыларға ән арнап видео түсіру жайлы идея қалай пайда болды?

– Ақпанда Мбаппе "Реалға" келеді деген сыбыс шықты. Біз сол кезде бірінші видеомызды –Мбаппеге арнауды түсірдік. Бірақ ол видеоны 4 айдан кейін, яғни, Мбаппе "Реалға" ресми түрде ауысқан соң ғана TikTok желісіне жүктедік. Бұл видео бір тәуліктің ішінде 60 мың қаралым жинады. Қазір қаралым саны 100 мыңға жуықтады. Мбаппе жайлы видео жақсы қаралған соң мансабын аяқтаған немесе жолы болмай жүрген футболшылар туралы контент жасайық деп шештік. Осыған дейін өлеңдетіп футбол жаңалықтарын жеткізіп отыру деген мүлде болмаған екен. Біздің мақсатымыз қазақтың өлеңі мен Еуропа әлемінің футболын біріктіру болды.

– Арнауды қалай шығарасыз?

– Бәрінен бұрын футболшыға сай келетін ән табу қиын. Әндердің ұйқастарын өзгертпеймін, сол күйінде қалады. Тек мәтінін өзгертемін. Оған 5-10 минут қана уақыт жұмсаймын.

– Бұл контентті желі қолданушылары қалай қабылдап жатыр? Сын айтып жатқандар бар ма?

– Әзірге сын айтып жатқандар табылған жоқ. Бірақ бір қуантатыны, республикалық телеарналардан ұсыныстар түсіп жатыр. Олар спортқа қатысты 1-2 жаңалықты студияға барып, өлеңмен айтып беруімді сұрады. Сондықтан да сын айтушыларға қарағанда қолдаушылар көп деп ойлаймын.

– Алдағы уақытта қазақстандық футболшыларға да арнау шығару ойда бар ма?

– Мансабын бітіріп кеткен қазақстандық футболшыларға әдемі контент арнағым келеді. Мысалы, Самат Смақов, Давид Лория, Қайрат Нұрдәулетов бар. Сондай-ақ марқұм Олег Литвиненко мен Виталий Артемовты да айтуға болады. Осыларды еске алып, футбол аңыздарына арнап бір-бір ауыз өлең айтсам деймін. Қазіргі футболшыларға арнау шығарамын деп айта алмаймын, бірақ мансабын аяқтаған, қазақ футболына еңбегі сінген ойыншыларға арнап ән жазуым мүмкін.

– Өзіңіз қай футбол командасына жанкүйерсіз? Сүйікті ойыншыңыз кім?

– 2002 жылы "Реал Мадрид" командасы "Валенсияны" 3:0 есебімен жеңген. Осы матчтан бастап "Реалдың" жанкүйерімін. 2004 жылы Еуропа чемпионатында 19 жастағы Криштиану Роналду көзіме түсті. Сол футболшы бүгінде араға 20 жыл салып 39-ға келсе де деңгейін түсірген жоқ. Ол менің сүйікті футболшым болып қала береді.

Сондай-ақ Бек Шымат бала күнінен футболмен айналысқанын айтты. Бірақ кейін өнер жолына бет бұрған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2115465-ronaldu-shalqyp-kulseng-belgili-aqyn-futbol-zhangalyqtaryn-anmen-zhetkizip-zhur/