Биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарында күрес түрлерінен алғаш рет екі қазақстандық төреші қызмет етеді. Оның бірі – Ерік Жұмабеков. 1bol.kz сайты Жұмабековпен сұқбаттасып, оның Олимпиада ойындарына дайындығы, Қазақстандағы төрешілерді қолдау мәселесі туралы білді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
– Ерік аға, Париж олимпиадасының ойындарына аз уақыт қалды. Сіз күрес түрлерінен төрелік ететін қазақстандық екі маманның бірісіз. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Дайындық ойдағыдай. Бұйыртса, алдағы аптада Грекияға барамыз. Сол жақта даярлық жұмыстары жалғасады. Ұлттық құрама Мадридтегі жарыста бақ сынап, содан кейін Олимпиадаға барады. Біз де соған қатысамыз.
– Әдетте спортшылар мен бапкерлердің еңбегінің қалай еленетінін ғана айтамыз да, төрешілер жұмысы назардан тыс қалып жатады. Қазақстанда төрешілерді қолдау жағы қалай?
– Төреші деген мамандық бар да, лауазым жоқ. Төрешілердің көбісі не бапкерлікпен, не жеке кәсіппен айналысады. Әдетте басым көпшілігі жарыстарға бару үшін бапкерлікті қатар алып жүруге мәжбүр. Сөйтіп олардың негізгі жұмысы қалып қойып жатады. Төрешілікке ақша да төленбейді, нақтырағы өте аз. Оның өзінде ол күнтізбеге енген немесе халықаралық турнир болуы керек. Сонда күніне 17 мың төлесе, одан ұстап қалатын пайыздары бар, табысын өзіңіз есептей беріңіз. Бапкер болмасаң не басқа салада жұмыс істемесең, жолың, тұратын қонақ үй бар, басқа шығындарың бар – ештеңеге жеткізе алмайсың. Спортшы не бапкерлерге күнделікті шығынын өтесе, төрешілерге ондай қарастырылмаған, берген күйдің өзінде әрқайсысына өтініш жасап, ана кабинеттен мына кабинетке әбден әуре боласың. Шетелге шықсақ, жолың төленеді, ұшу уақытың 12 сағаттан асқан жағдайда ғана тәулік шығыны өтеледі. Басқа уақытта өз қалтаңнан шығарасың. Қазір Олимпиада ойындарына спортшыларға арнайы киім тігіліп жатыр, бұл тізімде төрешілер тағы жоқ.
Өзім төрт әлем чемпионатында төрелік еттім, Азия чемпионаттарында жұмыс істедім, сонда ұлттық құрама өкілдеріне толықтай форма берілсе, төрешілерге ол да қарастырылмаған. Төрешілерді тек керек кезде ғана іздейді, шығын шығатын уақытта біз қажет болмай қаламыз. Спортшы ұтса, "ол мықты, еңбегінің жемісін көрді" дейді, ал ұтылса, төреші не қарап отыр деп тағы бізді сынайды. Қазақстан чемпионатының өзінде де сол сынды көп айтады, себебі спортта екі адамның қатар жеңуі мүмкін емес, ұтылған тарап қай кезде де төрешіге наразы.
– Төрешілер тек тәжірибе жинау үшін жұмыс істей ме, қалай өзі?
– Тәжірибе жинау үшін деуге де келмес, біз күресті жақсы көргеннен ғана жүрміз. Кезінде өзіміз де күрестік, шамасы сол кезде айызымыз қанғанша күресе алмай қалған шығармыз.
2002 жылға дейін бапкер болдым. Жастар арасындағы әлем чемпионы Айбек Еңсеханов менің шәкіртім. Бірақ бапкерлік қызмет атқарғанда сен қосымша жұмыс істей алмайсың, бар ойыңды да, уақытыңды да балаға жұмсайсың, бала-шаға, отбасы дегенді ұмытып, тек жаттығуға көңіл бөлуің керек. Басқа салаға қатар назарың ауды ма, сен бапкер емессің. Сондықтан бапкерліктен кетуге мәжбүр болдым. Бірақ қолымды бір сілтеп кете алмадым. Жарыстарға барып жүрдім, сөйтіп төрешілікке бет бұрдым.
Келіншегім "сен осы ауру адамсың, үйге әкелудің орнына, үйден әкетесің" дейді. Негізі төрешілердің барлығы сол күреспен ауыратындар ғой. Біз де олимпиада алтынын алу деген секілді мақсат қойдық, сол үшін де жарты жолда кетіп қала алмайсың. Бір жағынан, спорттың дамуына аз да болсын үлес қосып, кірпіш болып қалансақ дейміз. Игорь екеуміз әлем чемпионатында жұмыс істегенде, тарихта тұңғыш рет алтын медаль алдық. Ризабек Айтмұхан елімізге алтын сыйлағанда, өзге елдің төрешілері жапа-тармағай құттықтап жатты, сол кезде көз жасымды ұстай алмай қалдым. Бұйыртса, Олимпиада ойындарынан да алтын медальмен оралсақ деген арманмен жүрміз.
Еске салайық, Париж Олимпиадасында алғаш рет екі қазақстандық маман төрелік ететінін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2118597-tek-kerek-kezde-gana-izdeidi-olimpiadada-torelik-etetin-qazaqstandyq-maman-qyzmeti-turaly-aitty/