Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі журналист Қазақстан футбол құрамасының жаңа бапкерін сынға алды

Жарияланған күні:

Бас бапкер Станислав Черчесов
Бас бапкер Станислав Черчесов. Фото: kff.kz

Журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Станислав Черчесовтің баспасөз мәслихатындағы әрекетін сынап, оның кешірім сұрауын талап етті. Бұл туралы журналист Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сәкен Сыбанбайға Астанадағы баспасөз мәслихатында Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналист Нұрсұлтан Құрман арадағы диалогы ұнамай қалған.

"Оның бастапқыда қазақша қойған сұрағын ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов орысшаға аударып берген. Ал журналист екінші рет қазақша сауал тастағанда Станислав Черчесов жатып кеп ренжіпті. Ресейлік бапкер неге сұрақты орысша қоймайсыз, мен қазір сізге өз ана тілім – осетин тілінде жауап берсем не болады. Оны ешкім түсінбейді ғой. Бірінші қазақша сауалыңызды федерация президенті аударып берді, енді ол кісіні қайта-қайта әурелеймін бе. Өтініш жасау бірінші рет тегін болады, ал кейіннен ондай жүрмейді деген", - деп жазды журналист.

Сәкен Сыбанбай жаңа бапкердің бұл әрекетін сынға алып, ренішін білдірді. Журналист Грузия футбол құрамасын мысал ретінде келтіріп, оларға Еуропа чемпионатында табысқа алаңдағы шеберлікпен қоса ұлттық рухтың, ұлттық намыстың, отаншылдықтың (патриотизмнің) алапат күші арқылы жеткенін айтты.

"Грузияны жаттықтыратын француз маманы Вилли Саньольдің айлығы Черчесовтан 6 есе (!) аз! Жарайды, ол да грузин тілін біле қоймас. Грузин футболшыларының көптен шетелде ойнайтындары болмаса, француз-ағылшын тілдеріне бәрі бірдей жетік емес шығар. Бірақ онда аудармашы бар ғой! Жүз пайыз грузин жігіттерінен құралған шын мәніндегі ұлттық құрамада бәрі де грузинше сөйлейді, жасыл алаңда грузинше айқайласады, ерегесіп қалса грузинше боқтасады!", - деп жазды ол.

Ол қазақ журналистері сұрақты қазақша қою арқылы қазақ аудиториясына ақпарат таратынын еске салды.

"Неге қазақ журналистері тек Черчесовке түсінікті тілде ғана сұрақ қоюы керек? Қазақ журналистерінің әрқайсысының артында қазақ тілінде ақпарат, мәлімет, бейнекөрініс күтіп мыңдаған қазақтілді көрермен, тыңдарман, оқырман тұр емес пе?! Қала берді, қазақ дейтін халық тұр емес пе?! Неге олардың құқығы тапталуға тиіс?", - деп жазды журналист.

Сонымен бірге Cәкен Сыбанбай мұндай жағдай қайталанбас үшін бұдан былай ҚФФ бас бапкері Черчесовті БАҚ өкілдерімен әр кездесуге арнайы аудармашымен келуін міндеттеуге және бұл жайт үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрауын талап етті.

"Командамызды қолдайық, бірақ наразылығымыз қалайда бапкердің құлағына жетуі, қаперіне алынуы керек", - деді ол.

Еске салайық, Станислав Черчесов 26 маусымда Астанада өткен баспасөз мәслихатында журналист Нұрсұлтан Құрманмен сөз таластырып қалғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2125614-bul-nagyz-basynu-belgili-zhurnalist-qazaqstan-futbol-quramasynyng-zhanga-bapkerin-synady/