Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоғызқұмалақ ойынының атауы өзгере ме: вице-премьер жауап берді

Жарияланған күні:

Тоғызқұмалақ ойыны
Тоғызқұмалақ ойнаған балалар. Көрнекі сурет: ultsport.kz

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынған депутаттарға жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтың атауын "тоғызат" деп өзгертуді ұсынып, депутаттық сауал жолдаған еді. Бұл сауалға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді.

"Әлемдік тәжірибеде бірдей ойындардың, заттардың, құбылыстардың әр тілде әртүрлі атауларды кездестіруге болады. Мысалы әлемде футболды ағылшындар "футбол", итальяндықтар "кальчо", американдықтар "соккер" дейді. Зияткерлік ойынның бірі шахматты алсақ, оны бір елдерде "шатран", тағы бір елдерде "чесс", басқалары "шахмат" дейді.

Түркі халықтарында да бірдей ойындар әр түрлі атаулармен аталады. Мысалы қырғыз халқы "асық атуды" - "ордо", "күресті" - "алыш", "көкпарды" - "көк-бөру" деп атайды. Сонымен қатар "тоғызқорғоол" атауы қырғыз халқына, ал "мангала" аты түрік халқына тиесілі", - деді Дүйсенова.

Вице-премьер халықтың жадында, сондай-ақ А. Краснов, Н. Пантусов, Б. Куфтин, Р. Карутц, М. Балақаев, Ә. Ақшораев, С. Аманжолов, С. Тілеубаев пен басқа да көптеген ғалымдардың еңбектерінде және М. Әуезовтің шығармаларында ойын "тоғызқұмалақ" деп аталатынын еске салды.

"Оған қоса, қазақ халқына тиесілі мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ атауын өзгерту федерацияның да, басқа ұйымдардың да құзыретіне кірмейді. Жоғарыдағыны ескере отырып, ұлттың мәдени мұрасы болып табылатын мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойынының атауын өз қалпында қалдырғанды жөн деп санаймыз", - деді премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, "Қазақстан барысы" турнирінің атауын "Көкбөрі" деп өзгерту ұсынылғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2126943-togyzqumalaq-oiynynyng-atauy-ozgere-me-vitse-premer-zhauap-berdi/