Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақстан барысы" турнирінің атауын "Көкбөрі" деп өзгерту ұсынылды

Опубликовано:

"Қазақстан Барысы-2023" турнирінің жеңімпазы – Ғалымжан Қырықбай
"Қазақстан Барысы-2023" турнирінің жеңімпазы – Ғалымжан Қырықбай. Фото: qazbarysy.kz

Әлемдік "Ұлы Қазақ" бірлестігі жыл сайын өтетін "Қазақстан барысы" күрес турнирінің атауын "Көкбөрі" деп өзгертуді ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ұлы Қазақ" бірлестігінің өкілдері "Қазақстан барысы" атауы дұрыс таңдалмаған деп есептейді. Сол үшін олар осы мәселе бойынша мемлекеттік мекемелерге өтініш жолдағалы отыр.

"Дұрыс емес. Себебі біріншіден, барыс сөзін алудың өзі қате. Барыс 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Көп адам Қазақстанның символы барыс дейді. Бірақ Қазақстанның үш символы бар. Ол мемлекеттік ту, мемлекеттік елтаңба және әнұран. Ал барыс – 2011 жылғы қысқы Азия ойындарының символы. Барыс деген сөз ұғымы да қате. Себебі барыс тұқымдастарының алты-жеті түрі бар. Жолбарыс, қабылан, тарғын, долы, ілбіс. Ілбіп жүретіндіктен солай айтады. Ұрғашысын ішім деп айтады. Сондықтан, ол сөз ұғымы ретінде қате таңдалған", - деді бірлестік президентінің кеңесшісі Айдын Рысбекұлы.

Айдын Рысбекұлының айтуынша, таңбалы тастарда көкбөрі бар, бұқа бар, бұғы, ортеке бар, бірақ барыс жоқ. Оның сөзінше, барыс деген – жасанды термин. Сингапурды Азияның жолбарысы дейтініндей, еліктеу, солықтаудан шыққан ұғым әрі үстірт таңдалған дейді ол.

"Қазақстан барысын көрсетіп жатады ғой. Турнирдің атына сай балуандар барыстың терісін жамылып шығуы керек. Балуандар неге бөрінің терісін жамылып шығады? Қасқыр деп сөйлейміз. Негізі қазақтар бөрі, көкжал, арлан деп айтқан. Біз сөздерді дұрыс қолданбаймыз. Сондықтан, барыс – Қызыл кітапқа енген дейді. Айтатын сылтаулары", - дейді бірлестік президентінің кеңесшісі.

Айдын Рысбекұлы cайысты "Қазақстан барысы" емес, "Көкбөрі" деп атауды ұсынды.

"Мұны Қазақстан деп шектеудің де қажеті жоқ. Көкбөрі десек, түркі тілдес халықтар кіреді. Сонда мұның деңгейі көтеріліп кетеді. "Астана Арланс" деген бар. Ол енді менеджмент бойынша таңдалған. Бізге еліктеудің керегі жоқ. Тарихта таңбаланған көкбөрі деген атау бар. Соны сол қалпында бұзбай, неге қолданбасқа?" - деді Айдын Рысбекұлы.

Еске салайық, мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының атауын "тоғызат" деп өзгертуді ұсынған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2114802-qazaqstan-barysy-turnirining-atauyn-kokbori-dep-ozgertu-usynyldy/