Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ даласынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы: 60-жылдары жұртшылықты тәнті еткен тұлпар жайлы деректер

Опубликовано:

Абсент пен Сергей Филатов
Абсент пен Сергей Филатов. Скриншот: youtube.com/@the2mproduction

Халықтың қасиетіне баланып, өсиетіне айналған фольклорымызда тұяғымен жер тарпыған, аузыменен құс тістеген тұлпарлар бейнесі бедерлі көрініс табады. Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Жәнібектің Көкдөнені асқақтық пен адалдықтың айқын аңдатпасындай аңғарылады. Тіпті бертіндегі Ақан серінің Құлагері де жазушылардың қаламына қанат бітіріп, ойына өрнек салған. Ал қазақ даласынан шығып, Олимпиаданың алтынын жеңген тұңғыш чемпион Абсент деген жылқы туралы бүгінде ел арасында әңгіме де, аңыз да жетерлік. Қатарынан үш Олимпиадаға қатысып, "корольдердің королі" атанған Абсент туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі тарқата жазып, тұлпардың ғұмырындағы жарқын сәттерді жеткізді.

Жарыс 1960 жылдың 6 қыркүйегінде басталды. Олимпиада жүлдесінен үміткерлердің саны 17-ге жетті. Олардың қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы швециялық Генри Сент-Кир, америкалық Патрисия Гальвин, немістер Неккерман мен Шпрингер, швейцариялық Фишер секілді тәжірибелі спортшылар болды.

Бұл КСРО спортшыларының қатысуымен өткен үшінші жазғы Олимпиада еді. Алдыңғы екі бәсекеде бұл спорт түрінен КСРО бірде-бір жүлде салмады. Инкас жылқысын тізгіндеген атақты Сергей Филатов та 11-орыннан көрінді. Жалпы бұл ақсүйектер спортында Германия, Швейцария, АҚШ, Италия елдерінің өкілдерімен бәсекелесу қиын саналатын.

Сонымен жарыс күні басталды. Кезек Абсент пен оны тізгіндеген Сергей Филатовқа тиді. Олар өнер көрсеткенде алаң мүлгіген тыныштықта болды. Абсенттің құлдыраңдаған қимылы мен Филатовтың тұлпарды керемет тізгендеуі көпшілікті таңдандырды. Рим жұртшылығын өз өнерімен тәнті қылған бұл тандем ақырында Олимпиада чемпионы атанды.

Абсент жылқысын тізгіндеген Сергей Филатов
Абсент жылқысын тізгіндеген Сергей Филатов. Фото: horseportal.ru

Атасы – Араб, енесі – Баққара

Абсент 1952 жылы қазіргі Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданы Көгершін ауылындағы жылқы зауытында туған. Енесі қазақ жылқысы Баққара, атасы түрікменнің ақалтекесі Араб болған Абсенттің негізі берік еді.

Абсенттің атасы Арабтың қазақ даласына келуінің өзі үлкен бір әңгіме. Ақалтеке жылқыларының төзімділігі мен шыдамдылығын таныту мақсатында түркімендер үлкен жарыс ұйымдастырады. 1935 жылы мамыр мен тамыз айының аралығында 34 түркімен шабандозы Ашхабадтан Мәскеуге дейін салт атпен желе жортып аттанады. Осылайша 84 күн ішінде 4300 шақырымды артқа тастаған шабандоздар Мәскеуге жетеді. Осы бір табандылықтары үшін шабандоздар "Қызыл жұлдыз" орденімен марапатталады. Осы мәселе жөнінде білікті журналист Қалыбек Атжанға сұқбат берген Абсентті алғаш баптаған Молдаш Әміреев:

"Жұртты әсіресе, түркімен жігіттерінің қайсарлығымен қатар ақалтеке аттарының төзімділігі, көнбістігі қатты таңдандырады. Осы жорықта ерекше көзге көзге түскен "Араб" атты бесті сәйгүлікті түркімендер өздерін "Қызыл алаңда" үлкен қошемет көрсетіп қарсы алған азамат соғысының батыры, маршал Семен Буденныйға сыйға тартады. Аттың құлағында ойнайтын даңқты қолбасшы тұлпардың тектілігін дөп басып танып, келістіре баптау үшін армияшылардың орталық спорт клубындағы атбегі мамандарға тапсырады. Көп ұзамай-ақ әртүрлі ат спорты жарыстарында жүлде алған Арабтың атағы Кеңес еліне кеңінен жайыла бастайды. КСРО кубогының жеңімпазы атанып, биіктікке секіруден 2 метр 19 сантимерді бағындырып ел рекордын жаңартады", - деді.

1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі "Қызыл алаңда" фашистік Германияның талқандалуына байланысты өткен жеңіс шеруінде атақты қолбасшы Георгий Жуков парадты ат үстінде жүріп қабылдаған болатын. Ал оның тізгіндеген аты осы ақалтеке тұқымының асылы – Араб еді.

1949 жылы КСРО-ның жылқы шаруашылығы жөніндегі министрдің орынбасы болып қызмет атқаратын Семен Буденный арнайы жұмыстарымен Қазақстанға келеді. Сол кезде Жамбыл облысындағы жылқы зауытының жұмысы, тыныс-тіршілігі оның көңілінен шығады. Соның ішінде қазақтардың атбегілік өнеріне таңданыспен қарайды. Осы бір жайт оны әсерлендіргендіктен, Мәскеуге бара салып бір кездері өзіне сыйға берілген Арабты тұқым өрбіт мақсатында вагонға тиеп, Жамбыл облысындағы жылқы зауытына жіберген екен. Осылайша, Араб қазақ жерінен бір-ақ шығады.

Георгий Жуков тізгіндеген Араб жылқысы
Георгий Жуков тізгіндеген Араб жылқысы. Фото: Waralbum.ru

Көреген көз Филатов

Жазба деректерге сүйенетін болсақ, бо­лаша­ғынан зор үміт күттірген үш жасар Абсентті 1955 жылы Алматы қаласындағы рес­пуб­ликалық ат-спорт мектебіне алып келеді. Ипподромда оны белгілі жаттықтырушы Кәрім Әсенов жаттықтырған. Яғни Абсентті алғаш кәсіби тұрғыда баптап, спорттық жарыстардан жүлде алуына жол ашқан – Кәрім Әсенов. Бұл жақта жаттықтырушы К. Әсеновтің тізгіндеуімен Абсент КСРО халықтар Спартакиадасына қатысады.

Ал 1958 жылы жылқы зауытының директоры Вениамин Иванов Арабтан тараған Абсент пен Кубаньді Мәскеуде болатын Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатыстырады. Әзірге бұл екі арғымақ та Көгершін ауылындағы жылқы зауытының меншігінде еді. Ал осы келісті жүрісі, ірілігі, төрт аяғын тең басқан тұрқымен көпшілікті баурап алған қос жылқы мамандардың жоғары бағасына ие болады. Сол көрмеде Абсент алтыннан алқа тағынса, Кубань күміске ие болады. Ал кейбір жандардың айтуынша, бұл көрмеге Семен Буденныйдың өзі төрағалық етіп, Абсенттің баяғы өзінің баптауында болған Арабтың тұқымы екенін естігенде шын қуанып, кейіннен белгiлi шабандоз Сергей Филатов пен оның бапкерi Николай Ситькоға көрсеткен екен. Ал Абсентті алғаш көрген Сергей Филатов:

"Қарсы алдымда мен көптен күткен тұлпарым тұрғандай әсер болды. Қара түсті, маңдайында жұлдызшасы бар асыл тұқымды жылқы. Аққу мойны да керіліп тұр. Жұп-жұмыр аяқтары да керемет", - деп таңданған екен.

Сергей Филатов Абсентті алғаш көрген сәтінен бастап оны алып қалуға тырысты. Әрине Қазақстаннан келген жандар Абсентті Мәскеуге тастап кетпеді. Бірақ Сергей Филатов Абсенттің ерекшелігін көрген соң, барын салып Абсентке қолы жетеді. Ол өзінің "Рим рукоплещет" деген кітабында 1959 жылы қыркүйекте Абсентпен бірге қатысқан Швейцариядағы турнир туралы:

"Бұл жарыста мен Абсенттің нағыз ғажайып ат екеніне және біздің барлық қарсыласымызды жеңуге мүмкіндігіміз бар екеніне көз жеткіздім", - деп ағынан жарылады.

Бұл жарыста болашақ Олимпиада чемпиондары бір ұпай ғана есе жіберіп, екінші орын алған болатын. Бір қызық жайт – осы бір додадан кейін Абсентті сатып алуға шетелдіктер барын салады. Алайда оларды Филатовтың бір ғана сөзі тоқтатады.

"Абсент – баға жетпес тұлпар", - деп жауап берді Филатов.

Абсент жылқысын тізгіндеген Сергей Филатов
Абсент жылқысын тізгіндеген Сергей Филатов. Фото: sport.ru

Қазақ даласынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы

1960 жылы Римде өткен Олимпиадаға жылқылар шабандоздарынан бөлек келді. Римге апарар жол өте ұзақ болды. Бастапқыда Мәскеуден Одессаға дейін пойызбен, содан кейін Одессадан Неапольге дейін кемемен, ал Неапольден Римге дейін қайтадан пойызбен жеткізілді. Соған қарамастан, Абсент жарау болды, Олимпиадаға дайын келді.

Жарыс 1960 жылдың 6 қыркүйегінде басталды. Олимпиада жүлдесінен үміткерлердің саны 17-ге жетті. Олардың қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы швециялық Генри Сент-Кир, америкалық Патрисия Гальвин, немістер Неккерман мен Шпрингер, швейцариялық Фишер секілді тәжірибелі спортшылар болды. Сегізінші нөмірмен шыққан Сергей Филатов пен Абсент бұл Олимпиадада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне ие болады.

Алайда бұл жарыстың қорытындысы бірден шығарылмады. Төрешілер жеңімпаздарды анықтауға ұзақ уақыт кетірді. Таспаға түскен кадрларды қайта-қайта қарап, әр спортшының шеберлігін мұқият бақылағаннан кейін 8 қыркүйекте шешім шығарылды. Филатов пен Абсент Олимпиада чемпионы атанды. Бұл тек Абсенттің ғана емес, мүлгіп жатқан қазақ даласының жеңісі еді. Себебі Абсент – қазақ топырағынан түлеп ұшқан тұңғыш Олимпиада чемпионы.

Осы бір жеңісі туралы Сергей Филатов кейін жазған кітабында:

"Абсент сол сәтте жауапкершіліктің ауыр жүгін сезінгендей болды. Менің адал досым әрі серіктесім менің айтқаныма толықтай мойынсұнып, мінсіз өнер көрсетті. Бәрі де соншалықты айқын, әдемі, сымбатты және керемет болды, тіпті ең төрешілердің өзіне де ұпайымызды бір мысқал төмендетуге себеп бермедік", - деп жазады.

Ал төрт жылдан кейін болған Токио Олимпиадасында Абсент пен Сергей Филатов қола жүлдеге ие болады. Бұл додада тек Швейцария мен Германиядан келген қарсыластарынан ғана жеңіліп қалды.

1964 жылы өткен Токио Олимпиадасынан кейін Сергей Филатов пен ЦСКА ат клубының басшылары арасында келеңсіздіктер болды. Үнемі спорт режимін бұзады деп Сергей Филатовқа айып тағады. Бұл тағылған айыптың басты мақсаты одан Абсентті тартып алу болатын. Ақыр соңында басшылық тарап өзінің дегеніне жетіп, Сергей Филатовтан жансерігіне айналған Абсентті тартып алады. Осылайша 1968 жылы Мехикода өткен Олимпиада ойындарында Абсентті шабандоз Иван Калита тізгіндеп шығады. Бұл Олимпиада олар жүлдеге бір табан жетпей, төртінші орынды қанағат тұтып қалады.

Тұлпардың көз жасы

1969 жылы Абсент өзінің туған жеріне қайта оралды. Бұл уақытта атақты арғымақ жасы келгендiктен, спорттық додаларға қатыспайтын. Әрине олимпиада чемпионының туған жеріне оралуы ауыл халқы үшін үлкен қуаныш саналды. 11 жыл бойы Мәскеуде болған Абсенттің ендігі күтімі өзі тай күнінен баптаған Молдаш Әміреевке тапсырылды. Арада қаншама жыл өтсе де, өзінің алғашқы иесін жазбай таныған арғымақ әлі де болсын туған топырағынан жырақтамағанын аңғартқан екен. Бұл сәтті Молдаш Әміреев:

"Тектi жануар менi жазбай танып, кiсiнеп қарсы алды. Жүрегiм лүпiлдеп, көңiлiм босап кеттi. Мойнынан қос қолыммен қапсыра құшақтай алып жылап жiбердiм. Кекiлiн, жалын сипап, тұмсығынан шөпiлдетiп сүйiп жатырмын. Омырауымды құшырлана иiскеп, басын көкiрегiме қойып, тiптен тiлiмен бет-аузымды жалап та алды. Қайта-қайта оқыранып қояды. Осылайша араға талай жылдар салып барып Абсентiм екеумiз қайтадан қауыштық", - деп айтады.

Молдаш Әміреев пен Абсент
Молдаш Әміреев пен Абсент. Фото: argymaq.kz

Абсент тіршілігінің соңғы күндері мінезі өзгеріп кетіпті. Жем-судан да бас тартып, сұлқ түсіп жата беретін болған. Алайда Абсенттің өмірінің соңғы уақытында Сергей Филатов арнайы келіп қоштасады. Бұл бейне сол уақытта таспаланып, Youtube желісінде сақталған. Бұл видеода Абсент есіктен кіріп келген Филатовты бірден танып, иіскелеп, жақындайды. Филатов та оны аймалап, еркелете бастағанын көруге болады. Осы бір сәтті ауыл ақсақалы Мейілбек Биғазиев:

"Абсент орнынан тұра алмай жатыр еді. Ал Филатов келген уақытта ол орнынан тұрды, көзінен жас ақты. Ол адам секілді шынайы жылады. Филатовқа жақындап, оны иіскелеп тұрды. Бұл сәтті сөзбен айтып жеткізе алмаймыз", - деді.

Сол бір сәтте Сергей Филатов бар жылы, ыстық сөзін өз тұлпарына арнады. Ал Абсент не дегісі келді? Филатовқа не деп тіл қатқысы келді? Әрине оның жан жүйесі бар сырын ақтарып тұрды. Көз жасы көп дүниеден сыр тарқатты.

Абсент 1975 жылы 23 жасында көз жұмды. Осы бір уақытты тай күнінен баптаған Молдаш Әміреев:

"Мына жарық дүниенi адам сияқты қимай, көзiнен мөлтiлдеп жас ағып жатты. Бiздiң зауыттың кейбiр әңгүдiктеу мамандары “етi қашпай тұрғанда сойып алайық” деп пышағын жалаңдатып, зығырданымды қайнатты...

Көп ұзамай ақтық демi таусылған Абсенттi ақ кебiнге орап, жамбасымен жатқызбай тiк қойып, арулап көмдiк. Дүниедегi ең бiр асылымнан, сырлас-мұңдасымнан айрылғандай көпке дейiн көз жасымды тыя алмай жүрдiм. Әлi күнге дейiн Абсент көз алдыма елестеп, түнде түсiме кiредi. Ендi дәл Абсенттей ақылды, сұлу, тектi тұлпар бұл ғасырда туыла ма, жоқ па, ол жағын бiле алмадым. Абсенттiң жөнi бөлек едi ғой", - деді.

Алты жылға жуық уақыттың iшiнде Абсенттің кіндігінен 70-ке жуық ұрпақ өрбіді. Ал олардың ішінде Абсенттің жетістігін қайталап, соның тұлғасына ұқсас болғандары шамалы. Солардың қатарында Абақан мен Айдарды ерекше екпінмен айта аламыз. Абақанды нағыз бабына келіп тұрған шағында Мәскеуге алып кетіп, Елена Петушковаға бұйырады. Абақанды тізгіндеген Елена Петушкова әлем чемпионатының жүлдегері атанған болатын.

Сөзіміздің әлқиссасында айтқанымыздай, қазақ тарихында текті әрі тарпаң тұлпар мол болған. Сол секілді Абсент те – қазақ тарихы мен спортында ерекше орны бар тұлпар. Қатарынан үш олимпиадалық циклді өткерген, байрақты бәсекенің жеңімпазы атанған Абсентті қалай мадақтасақ та жарасады. Алайда соңғы уақыттары арғымақтың сынына байланысты ел арасында шын-өтірігі аралас, аңызы мен мифі басымдау әңгімелер көбейіп кетті. Әрине тарихта ерекше орны бар жандардың, арғымақтардың артынан осындай әңгімелердің желдей зулайтыны анық. Біз бұл мақаламызда Абсентке байланысты шынайы мағлұматтарды жинақтап, оқырманға барынша сенімді ақпарат ұсынуға тырыстық. Дегенмен Абсенттің тұлпар-ғұмыры кез келген мадаққа да, кез келген тағылымды әңгімеге де лайықты екені сөзсіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2129496-qazaq-dalasynan-shyqqan-tunggysh-olimpiada-chempiony-60-zhyldary-zhurtshylyqty-tanti-etken-tulpar-zhaily-derekter/