Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бұған дейінгі Олимпиада ойындарында Қазақстан туын қай спортшылар ұстап шыққан

Опубликовано:

2012 жылғы Қазақстан құрамасы
2012 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: SAEED KHAN/AFP/GettyImages

Кеше, 10 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасының спортшыларымен кездесіп, Париж Олимпиадасының ресми ашылу салтанатында көк байрағымызды көтеріп шығатын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға ту табыстады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Бұған дейінгі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын кім алып шыққанын тағы бір мәрте еске түсірейік. Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы жазғы Олимпиадасы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен еді. Аталмыш додада жамбылдық жас боксшы Ермахан Ибраимов ту алып шықты. Ал Ибраимовтың өзі қола медаль жеңіп алды. Жалпы есепте Қазақстан 11 жүлмедемен 197 ел арасында 24-орынға тұрақтаған еді.

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ибраимов. Фото: instagram/ibraimov.ermakhan

4 жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында өткен кезекті Олимпиадада Ермахан Ибраимов тағы да еліміздің байрағын желбіретіп шықты. Бұл жолы даңқты боксшы ел қоржынына алтын медаль сыйлады. Осылайша Ибраимов – Қазақстанда екі Олимпиадада Қазақстан туын көтеріп шығып, екеуінде де жүлдемен оралған жалғыз спортшы ретінде Қазақстан тарихында есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Сиднейде Қазақстан Олимпиада нәтижесі бойынша 199 мемлекет арасынан 22-орынға көтерілді.

Ермахан Ибраимов
Ермахан Ибраимов. Фото: Al Bello /Allsport

2004 жылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан туын дзюдошы Асхат Жіткеев алып шықты. Аталған Олимпиадада ол 7-орын алып, жүлдеге іліге алмады. Жалпы Қазақстанның нәтижесі төмен болып, 201 елдің арасында 40-орыннан көрінді. Дегенмен Жіткеев 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстанның дзюдо бағытындағы алғашқы Олимпиада медальі болды.

2004 жылғы Қазақстан құрамасы
2004 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: JACQUES DEMARTHON/AFP

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі ауыр атлетикадан Азия чемпионы Бақыт Ахметовке берілді. Бақыт Ахметов Сидней Олимпиадасында 15-орын, Афина Олимпиадасында 7-орын алған еді. Бейжің ойындарында 415 келі нәтижемен 5-орын алды.

2008 жылғы Қазақстан құрамасы
2008 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: olympic.kz

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында еліміздің көк байрағын грек-рим күресінің балуаны, Азияның екі дүркін чемпионы Нұрмахан Тінәлиев ұстап шықты. Алайда жарыс жолын 1/8 финалдан бастаған Тінәлиев швециялық балуан Еурен Йоханнан жеңіліп қалды.

2012 жылғы Қазақстан құрамасы
2012 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: SAEED KHAN/AFP/GettyImages

2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиадада Қазақстан туын 20 жастағы таеквондошы Руслан Жапаров алып шықты. Алайда спортшы алғашқы айналымда әзербайжандық қарсыласы Радик Исаевтан 11:2 есебімен жеңілді. Жұбаныш кездесуіндегі жекпе-жекте отандасымыз 29 жастағы оңтүстік кореялық Чха Дон Миннен жеңіліп қалды.

2016 жылғы Қазақстан құрамасы
2016 жылғы Қазақстан құрамасы. Фото: olympic.kz

2020 жылғы (2021 жыл) Токио Олимпиадасында еліміздің көкбайрағын Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет екі бірдей ту ұстаушыға табыстады. Атап айтсақ жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова мен бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевқа.

Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова
Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова. Фото: BEN STANSALL/AFP via Getty Images

Міне енді Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің көк туын тағы да екі бірдей спортшымыз алып шығады. Олар бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова.

Ту табыстау рәсімі
Ту табыстау рәсімі. Фото: akorda.kz

Франция астанасы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2132238-bugan-deiingi-olimpiada-oiyndarynda-qazaqstan-tuyn-ustap-shyqqan-sportshylar-kim-foto/