13 жастағы Алан Болат португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың отбасымен кездесуі туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Tengrisport.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалында Португалия құрамасы Франциядан жеңіліп, жарысты аяқтаған еді. Бұл матчты Роналдудың анасы Мария Долореш Авейру мен футболшының сүйіктісі Джорджина Родригес трибунада отырып тамашалады. Оларға жақын жерде қазақстандық жас футболшы Алан Болат та отырған. Ол Роналдудың жақындары жеңілісті қалай қабылдағанын айтып берді.
"Португалия Франциядан жеңіліп қалғанда көңіл-күйім түсті. Роналду үшін бұл Еуропа чемпионатындағы соңғы турнир болған еді. Осылай жарыстан шығып қалғаны өкінішті. Роналдудың анасы ұлының жеңілгеніне қатты қапаланды. Ол стадионда жылай жаздады, бірақ көз жасын ұстай алды. Джорджина да Криштиану үшін қатты уайымдады", - деді Алан.
Сондай-ақ жас футболшы болашақта Қазақстан құрамасы да Еуропа чемпионатына қатысады деп үміттенетінін айтты.
"Менің мақсатым, әрине ұлттық құрамада ойнау. Болашақта Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионаты сияқты ірі футбол додасына шығарғым келеді", - деді ол.
Айта кетейік, Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатының финалында Испания және Англия құрамалары ойнайды. Бұл матч 14 шілдеде Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2132928-13-zhastagy-qazaqstandyq-ronaldudyng-otbasymen-kezdesui-zhaily-aityp-berdi-video/