Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

З7 жасында өмірден өткен мерген: Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері туралы не білесіз

Жарияланған күні:

Махмұд Омаров және жапон мергендері
Махмұд Омаров және жапон мергендері. Фото: sport-history.ru

Егемен еліміз тарихында биыл сегізінші жазғы Олимпиада ойындарына қатысады. Тәуелсіздік алғаннан бері осы бір байрақты бәсекеде спортшыларымыз 72 жүлде еншілепті. Соның ішінде ату спортына 3 медаль тиесілі. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында Сергей Беляев қос күмісті қанжығасына байласа, Владимир Вохмянин қолаға қол жеткізген. Содан бері бұл спорт түрінен ел қоржынына жүлде түспеді. Бірақ қазақ топырағынан шыққан алғашқы Олимпиада жүлдегері Махмұд Омаров осы ату спортында бақ сынаған. Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионы атанған Махмұд Омаровтың туғанына биыл тұп-тура 100 жыл. KAZ.NUR.KZ тілшісі қазақ топырағынан шыққан алғашқы Олимпиада жүлдегерінің өмірі мен жарқын жетістіктері туралы баяндайды.

Көпшіліктің санасында: "Қазақ топырағынан шыққан алғашқы Олимпиада жүлдегері кім?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Тарихқа үңілсек, бұл мәртебеге ие болған – Махмұд Омаров. Ол нысана көздеуден, яғни 50 метр қашықтықтан пистолеттен атудан 1956 жылғы Мельбурн мен 1960 жылғы Рим олимпиадаларының күміс жүлдесін еншілеген, сондай-ақ жерлесіміз әлем және Еуропа біріншіліктерінде топ жарған.

Жетістікке жеткізер жол

Мерген Махмұд Бедалұлы Омаров 1924 жылы 10 қыркүйекте Алматы қаласында қарапайым ұйғыр отбасында дүниеге келген. Әкесі Бедалжан Алматы аяқ-киім фабрикасында етікші болып жұмыс істесе, анасы Мағинұр үй шаруасымен айналысқан. Кейбір дереккөздердің мәліметіне сүйенетін болсақ, ол дутар аспабында ойнағанды ұнататын. Әкесі де баласының музыкант болғанын қалаған.

Алайда болашақ Олимпиада жүлдегерінің өміріндегі бұралаң жолдар оны ату спортына жетелегендей көрінеді. Әкесі өмірден қайтып, бар жүк өзіне түседі. Соғыс басталғаннан кейін өз еркімен соғысқа сұранады. Бірақ оны соғысқа бірден аттандырмай, Ленинградтан Самарқанд қаласына эвакуацияланған С.М. Киров атындағы әскери-медицина академиясына оқуға жіберілді. Кейін Харьков әскери медициналық училищесіне ауысты. Екі әскери медициналық оқу орнында білім алған соң, 1943 жылы әскери-десанттық құрамада әскери фельдшер болып майданға бет алды.

Подполковник Махмұд Омаров
Подполковник Махмұд Омаров. Фото: sport-history.ru

Курск түбіндегі алғашқы жауынгерлік тапсырмасын сәтті орындаған Махмұд Омаров жау тылындағы партизан отрядының құрамына қосылды. Майданда медицина қызметінің аға лейтенанты шеніне дейін жетті. Соғыс аяқталғаннан кейін Алматыға оралуды армандады, бірақ 1945 жылы Ленинградтағы С.М. Киров атындағы әскери-медициналық академиясына оқуға жіберілді.

Міне Ленинградта жүрген шағында Махмұд Омаров ату спортына қызығып, 1946 жылдан бастап белсенді түрде айналыса бастады. 1953 жылы С.М. Киров атындағы әскери-медицина академиясын сәтті тәмамдап, ату спортына біржолата ден қояды.

Жетістікке толы жарқын жылдар

1955 жылы Румыния астанасы Бухарест қаласында өткен Еуропа чемпионатындағы жеңісінен кейін Махмұд Омаров жеңіс тұғырынан түспеді.

Ал 1956 жылы Монреальда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Махмұд Омаров қатысқан болатын. 33 спортшының қатысуымен өткен бұл сайыста кіл мықтылар бақ сынасты. Соңғы кезеңге дейін Махмұд Омаров көш басында тұрды, десе де финляндиялық Петти Линносвуо 1 ұпайға, Кеңес Одағы атынан қатысқан Антон Ясинский 2 ұпай, америкалық Оффут Пиньон 4 ұпайға артта қалды.

Соңғы кезеңде Махмұд Омаров 92 ұпай жинайды, ал финляндиялық спортшы Линносвуо 93 ұпайды қанжығасына байлайды. Осылайша жалпы есепте қос спорты 556 ұпай жинап, тең нәтижені көрсетті. Тек ондыққа дәл тигізу көрсеткіші бойынша (Махмұд Омаров – 24, Петти Линносвуо – 26) жерлесіміз есе жіберіп, Олимпиаданың күмісін қанағат тұтты. Алайда бұл Қазақстан тарихындағы елеулі жетістік саналады. Қазақ топырағынан шыққан алғашқы Олимпиада жүлдегері ретінде есімі тарихта алтын әріптермен жазылды.

Махмұд Омаров және жапон мергендері
Махмұд Омаров және жапон мергендері. Фото: sport-history.ru

Олимпиада ойындарынан кейін Махмұд Омаров шеберлігін шыңдай түсті. 1958 жылы әлем чемпионатында топ жарып, келесі Олимпиада ойындарына фавориттердің қатарында аттанды. 1960 жылы Римде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ол тек өзінің командаласы әрі қарсыласы Алексей Гущинге есе жіберіп, екінші мәрте күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сонымен қатар Римде өткен Олимпиада ойындарына Махмұд Омаровпен бірге тағы екі "қазақстандық" қатысқан болатын. Біреуі Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытының Абсент атты айғыры. Атбегі Сергей Филатовтың тізгіндеген Абсенті осы додада топ жарып, алтыннан алқа таққан болатын.

Ал екінші қазақстандық – жеңіл атлет Ғұсман Қосанов. 1960 жылы 8 қыркүйекте Абсент топ жарған күні желаяқ Ғұсман Қосанов та командалық эстафетада өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ілікті.

Махмұдтың құс қанатындай қысқа ғұмыры

Қазақ топырағынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері 37 жасында дүниеден озған. М. Чупров Махмұд Омаров туралы жазған естелігінде:

"Мельбурн Олимпиадасынан кейін Омаровтар әулеті көлік сатып алды. Махмұд Омаров өзінің отбасымен және достарымен біраз жерге сапар шекті. 1961 жылдың соңғы жексенбісі қытымыр әрі аязды болды. Махмұд бірнеше мәрте көлігін оталдырып көрмекке талпынып еді, бірақ көлік оталмады. Омаров жүксалғышта жатқан кілтті алып, қозғалтқышты айналдыра бастады. Ол бұл нәрсені оп-оңай істеп-ақ жүрген. Бұл жолы ол кеуде тұсынан белгісіз бір ауырсынуды сезініп, ағаш жәшікке отыра кетті. Жедел жәрдем дәрігері Махмұд Омаровтың кенеттен болған инфарктан қайтыс болғанын тіркеді. Сол кезде Махмұд 37 жаста еді", - деп жазды.

Махмұд Омаров
Махмұд Омаров. Фото: sport-history.ru

Айта кетейік, биыл Франция төрінде өтетін дүбірлі дода 26 шілде мен 11 тамыз аралығында болады. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы ел намысын қорғайды. Олар спорттың 25 түрінен бақ сынайды. Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2136219-z7-zhasynda-omirden-otken-mergen-qazaqstan-tarihyndagy-tunggysh-olimpiada-zhuldegeri-turaly-ne-bilesiz/