Маңғыстаулық азамат Рәббім Борашев велосипедпен 5000 км жолды артқа тастап, Франция астанасы Парижге жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстанның Франциядағы елшілігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Рәббім Борашев пен оның жұбайын Париждегі Салтанат қақпасында елші Гүлсара Арыстанқұлова мен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қарсы алды. Сондай-ақ салтанатты шараға Франциядағы қазақ диаспорасының өкілдері, туристер және француз азаматтары да қатысты.
Рәббім Борашев велосапар кезінде жеті елдің дәстүрімен және тұрмысымен танысқан. Ол 5000 км жолды еңсере отырып, қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында Парижге бару туралы көптен бергі арманын орындағанын айтты.
Еске салайық, Рәббім Борашев мамырда Ақтаудан Парижге велосипедпен аттанған еді. 64 жастағы азамат сапар барысында 9 елге баруды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты бүгін, 26 шілдеде өтеді. Байрақты бәсекеде ел намысын спорттың 25 түрінен 79 спортшы қорғайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140000-olimpiadaga-velosipedpen-shyqqan-64-zhastagy-aqsaqal-parizhge-zhetti-foto/