Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістандық мерген 100-ден аса баланы садақ атуға баулыған

Жарияланған күні:

Махамбет Сәтбаев
Махамбет Сәтбаев. Скриншот: youtube.com/@Turkistantv

Түркістандық мерген Махамбет Сәтбаев садақ ату үйірмесін ашып, 100-ден аса баланы тәрбиелеген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Түркістан" телеарнасының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Махамбет Сәтбаев – Қазақстандағы тәжірибелі мергендердің бірі. Ол кейінгі 5 жылда балаларды садақ атуға баулып келеді. Сәтбаев №24 Мырзагелді Мақажанов атындағы мектеп қабырғасында садақ ату үйірмесін ашқан. Содан бері 100-ден аса баланы оқытып, талай чемпионды тәрбиеледі.

"Биыл Түркістан облысының атынан бақ сынап, Қазақстан чемпионатында 5 алтын, 4 күміс, 4 қола жеңіп келдік. Ең үздік облыс атанып, Қазақстан кубогын иелендік. Садақ ату ойлау қабілетін дамытады, денсаулыққа пайдалы. Бұл атадан балаға қалған, адамды тәрбиелейтін спорт түрі", - деді Сәтбаев.

Үйірмеге қатысатындардың арасында қыздар да бар. Солардың бірі – 13 жастағы Ұлпан Асылбек. Ол садақ ату спортымен үш жылдан бері айналысады. 20 метр қашықтықтан нысанаға дөп тигізіп, республикалық жарыстарда жүлделі болып үлгерген.

"Cадақ ату үйірмесіне бала кезімнен қызыққанмын. Менің арманым – болашақта дәстүрлі садақ үйірмесін дамытып, чемпион болу. Түркияға және басқа да елдерге барып, жеңімпаз атанып, Қазақстанның атын шығарғым келеді", - деді Ұлпан.

Қазіргі таңда Махамбет Сәтбаевтың үйірмесіне 20 шақты бала қатысады. Ұстаздың ендігі мақсаты – мемлекеттен қолдау алып, садақшылар мектебін құру.

Еске салайық, дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Айкөркем Батихан Стамбұлда (Түркия) өткен он екінші Fetih Cupasi халықаралық турнирінің жеңімпазы атанған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140135-turkistandyq-mergen-100-den-asa-balany-sadaq-atuga-baulygan-video/