Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин мен Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париждегі Олимпиада ауылына барып, қазақ спортшыларымен кездесті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Ермек Маржықпаев пен Геннадий Головкин Қазақстан спортшыларының олимпиадалық ауылдағы жағдайымен танысты. Сондай-ақ олар спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы Олимпиадада табысты өнер көрсетуге тілектестік білдірді.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасынан бірінші болып садақшылар жарыс жолына шыққан еді. 25 шілдеде өткен рейтингтік раундта Ильфат Абдуллин 663, Дәулеткелді Жаңбырбай 668, ал Александр Еременко 640 ұпай жинады.
Париждегі жазғы Олимпиада ресми түрде бүгін, 26 шілдеде басталады. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова алып шығады. Салтанатты шараны қай телеарналардан көруге болатынын жазған едік.
Олимпиада ойындарында 79 қазақстандық спортшы сынға түседі. Олар спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады. Қазақстан осымен сегізінші рет жазғы Олимпиадаға қатысып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140242-golovkin-men-marzhyqpaev-olimpiadanyng-ashylu-saltanaty-qarsangynda-qazaq-sportshylarymen-kezdesti-foto/