Семсерлесуден Мысыр командасының спортшысы Нада Хафез жүктілігінің жетінші айында Париж Олимпиадасына қатысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Нада Хафез 1/8 финалға дейін жетіп, бұл кезеңде Оңтүстік Корея өкілі Чон Хаюнгтен 7:15 есебімен ұтылып қалды.
Осыдан кейін спортшы Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазба жариялап, Олимпиадаға жүктілігінің жетінші айында қатысқанын айтты.
"Шын мәнінде жарыс жолында үш адам болдық! Мен, қарсыласым және әлі дүниеге келмеген балам! Құрсағымдағы балам екеуіміз физикалық және эмоционалдық тұрғыдан көп қиналдық. Мен жұбайымның және отбасымның үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Бұл Олимпиада ойындары мен үшін ерекше болды. Олимпиадаға үшінші рет қатыстым және бұл жолы кішкентай олимпиадашыны алып келдім", - деп жазды Хафез.
Еске салайық, семсерлесуден Қазақстан командасының мүшесі Әйгерім Сарыбай Париж Олимпиадасында франциялық Манон Брюнеден жеңіліп қалған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2141982-mysyrlyq-sportshy-parizh-olimpiadasyna-zhuktiligining-zhetinshi-aiynda-qatysqanyn-aitty/