Париж Олимпиадасы аясында өтіп жатқан дзюдо бәсекесінде жеңіліс тапқан Нұрлыхан Шархан сұқбат беруден бас тартты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Хабар" телеарасының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланған видеода дзюдошы Нұрлыхан Шархан сұқбат беруден бас тартқанын көруге болады.
"Сұқбат бермей-ақ қояйыншы, өтініш", - деп өте шыққан Нұрлыхан Шарханға журналистер: "Азматсың, бәрі дұрыс, Нұрлыхан", - деп қолдап жатыр.
Бұл видеоға пікір қалдырған жанкүйерлер де дзюдошыны барынша қолдады.
"Әдемі күресті, соңына дейін тырысты, тоқтап қалмады", "Осы жігітке еш өкпе жоқ. Жақсы күресті", "Болашақ чемпион", "Намысты, еңбекқор жігіт", "Ұялып, намыстанып кетті, бәрі дұрыс болады".
Айта кетейік, қазақстандық дзюдошы Нұрлыхан Шархан Париж Олимпиадасының 1/8 финалдық кездесуінде өзбек спортшысы Мұзаффарбек Туробоевтан жеңіліс тауып, ширек финалға шыға алмады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2143144-namysty-zhigit-qazaq-baluany-zhengilisinen-keiin-suqbat-beruden-bas-tartty-video/